Таразда өрт жағдайы талданды: құтқарушылар қызметіне баға берілді
- авторБақытжан Бекболат
- 7 мамыр, 2025
- 126

Бүгін Тараз қаласы және оған жақын орналасқан аудандық өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлері қатысқан өрт жағдайын талдау жиыны өтті, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Талдауға негіз болған — 2025 жылдың 3 мамыры күні түнгі сағат 03:25-те Тараз қаласындағы «Toqash Food» дәмханасының шатырынан шыққан өрт. Жалпы аумағы 800 шаршы метрді қамтыған өрт Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің күштерімен сағат 04:07-де толық сөндірілді. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.
Жиынды Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Мансур Шайкрамов жүргізді. Ол оқиға кезінде өрт сөндіру бөлімшелерінің іс-қимылдарын егжей-тегжейлі талдап, орын алған қиындықтар мен шешім жолдарын атап өтті.
Сондай-ақ, өртті сөндіруге тікелей қатысқан қызметкерлердің пікірлері тыңдалып, атқарылған жұмыстарға баға берілді.
Жиын соңында Мансур Закирович жеке құрамға техникалық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертіп, алдағы мереке күндерінде күшейтілген режимде жұмыс істеу барысына тоқталды. Қызметкерлерге сәттілік тілеп, Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтады.