Жуалы ауданында қауіпсіздік шаралары күшейтілді: тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді
- авторБақытжан Бекболат
- 9 мамыр, 2025
- 131

Жуалы ауданында өрт қауіпсіздігі мен судағы тәртіпті сақтау бойынша кешенді профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Шараға Төтенше жағдайлар бөлімінің 8 қызметкері мен аудандық полиция бөлімінің 2 өкілі қатысып, екі мобильді топ құрылды.
Іс-шараның басты мақсаты – тұрғындарға тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі мен шомылу кезіндегі жеке қауіпсіздік ережелерін жеткізу және өрттің алдын алу мәдениетін қалыптастыру.
Мамандар халық көп шоғырланған аумақтарда, аулалар мен табиғи жерлерде рейд жүргізіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Әсіресе, өрт қаупі жоғары кезеңге байланысты ашық отты пайдаланбау, құрғақ шөп пен қоқысты өртеуге болмайтыны жөнінде ескерту жасалды. Тұрғындарға пеш пен электр құрылғыларын дұрыс пайдалану жөнінде кеңес берілді.
Сонымен қатар, су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері де түсіндірілді. Атап айтқанда, тек рұқсат етілген шомылу орындарын пайдалану, балаларды қараусыз қалдырмау және төтенше жағдайда алғашқы көмек көрсету жолдары туралы мәлімет берілді.
Жуалы ауданының құтқарушылары әрбір азаматтың қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауы – оқыс оқиғалардың алдын алуда шешуші рөл атқаратынын еске салады.