Таразда "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 31 мамыр, 2025
- 228

2024 жылдың сәуір айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен бастау алған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде кеңінен қолдау тауып, жалпыхалықтық эко-челленджге айналды. Игі бастамаға ерікті жастар мен белсенді студенттер ғана емес, түрлі сала мамандары мен ғалымдар да белсенді атсалысуда.
Осы акция аясында бүгін Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Таза өлке тазалықтан басталады!» атты экологиялық сенбілік өтті. Шараның негізгі мақсаты – қоршаған ортаны қорғауға үлес қосу және қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Қатысушылар көше бойларын, жаяу жүргіншілер жолдарын, арықтарды тазалау жұмыстарына белсене араласып, өздерінің туған өлкесіне деген жанашырлықтарын көрсетті.
Орталықтың белсенді волонтерлері тек тазалық жұмыстарымен шектелмей, қарттар мен ардагерлерге қамқорлық көрсету бағытында да жұмыс жүргізіп келеді. Олар зейнеткерлер үйлерінің айналасын қоқыстан тазартып, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын қолға алуда.
Бұл игі істер – «Таза Қазақстан» акциясының бір күндік шара емес, күнделікті өмір салтына айналуы керектігін көрсетеді. Шын мәнінде, тазалық – әр адамнан, әр үйден, әр көше мен қаладан басталады.
Халқымыз бекерден-бекер «Жас келсе – іске» демеген. Қоршаған ортаны қорғау – әр азаматтың парызы. Бұл бағыттағы бастамалар жастардың белсенділігімен, қоғамның қолдауымен әлі де жалғасын таба бермек.