Таразда ұңғылардың цементтелу сапасын арттыруға бағытталған ғылыми зертхана ашылды
- авторjambylinfo.kz
- 15 сәуір, 2024
- 386
Мұнай-газ, кен орындарындағы ұңғылардың цементтелу сапасын арттыруға бағытталған зертхана Ғылым қызметкерлері күніне орай әрі ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыру аясында ашылған.
«Бүгінгі таңда ғылым саласына үлкен мән берілуде. Былтыр дәл осы күні Ғылыми кеңес отырысы өткен болатын. Еліміздегі танымал ғалымдар сол кезде өз ойларын ортаға салды. Президент ғылымды дамытуда біршама нақты тапсырмалар берді. Бүгінде сол бағытта жұмыс атқарылып жатыр. Бүгінгі ашылып отырған зертхана ғалымдардың жұмысына серпін беріп, мұнай-газ саласындағы құрылыста сапаны жақсартуда септігін тигізеді деп сенемін» деді зертхананың лентасын қиғандардың бірі, ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев.
Ал университет ректоры Мұхтар Қазбекұлы сұранысқа ие жобалардың еліміздің әр өңірінде ашылып жатқанын айтып, Мемлекет басшысының жас ғалымдарды қолдауды тапсырғанын атап өтті.
«2024-2026 жылдарға жас ғалымдардың зерттеулерін гранттық қаржыландыруға 18 миллиард теңге қарастырылған. Бұл ақпаратты айтып отырған себебіміз, «Тампонаждық материалдар мен бұрғылау ерітінділерінің қасиеттерін зерттеу» зертханасы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыру аясында ашылып отыр. 2021 жылы PhD докторы Арман Кабдушев қаржыландыру мөлшері 48 588 441 теңге болатын ғылыми жоба жеңімпазы атанған болатын. Зертхана 2023 жылы желтоқсан айында толық жабдықталып, 12 сәуір – ғылым күніне арнайы ашылып отыр», деді университет ректоры.
Қазіргі таңда зертханада докторанттар мен магистранттар, бакалаврлар білім алып, зерттеулерін жүргізіп, ғылыммен айналасып жатыр. Бұл зертхана еліміздегі мұнай-газ саласындағы ұңғымаларды бұрғылау және бекіту кезіндегі мәселелерді шешумен айналысады деп күтіліп отыр.
Айта кету керек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ғылымды барынша дамытуды тапсырған еді. Ол алдымен Ғылым мен жоғары білім министрлігінің құрылуына бастамашы болып, Қазақстан Республикасы Перзидентінің жанындағы ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңесті құру туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Әрі Президент тапсырмасына орай Үкімет қаулысымен Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілген еді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында сөйлеген сөзінде ғалымдардың жалақысы өскенін айта келе, ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын қалыптастыруды тапсырғанын айтқан еді.
«Қазір ғалымдардың жалақысы екі есе көбейді. Озық ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын қалыптастыруға қомақты қаржы бөлініп жатыр. Докторантурада оқуға арналған білім гранттарының саны артты. Ғалымдарға әлемнің озық ғылыми орталықтарында тәжірибеден өту үшін зор мүмкіндік беріліп отыр. Жас зерттеушілерді қолдау шаралары күшейтілді. Соның нәтижесінде ғылыммен айналысып жүрген жастардың саны көбейіп келеді. Аймақтарда шетелдің жетекші университеттерінің филиалдары ашылды. Бірақ бұл шаралармен шектеліп қалуға болмайды», - деген еді Президент.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Жамбыл облысында үш электр станциясы салынады
Ұқсас жаңалықтар
«1 млн. 107 600 теңге»: Жамбылдық ұстаздар ақшалай сыйақыға ие болды
- авторjambylinfo.kz
- 20 желтоқсан, 2024