бейсенбі, 19 желтоқсан, 2024 23:12

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

“Әулиеата жастары” бағдарламасының игілігін көрген жастар көп

“Әулиеата жастары” бағдарламасының игілігін көрген жастар көп
Ашық дереккөз
Жамбыл облысында 2021 жылдан бері жүздеген жас маман баспаналы болды

2020 жылы Жамбыл облысында алдағы бес жылға арналған мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға негізделген “Әулиеата жастары” өңірлік бағдарламасы қабылданған болатын. Осы бағдарлама аясында үйлі болған жас мамандардың қатарында Садуақасовтар отбасы да бар.

Жамбылдық жастарға арналған «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасы жас отбасылардың армандарын орындап жатыр. Мәселен, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің баспасөз хатшысы Лаура Рысбек пен оның жұбайы Алмат Садуақас осы бағдарламаның игілігін көріп, көптен күткен баспаналарына қол жеткізді.

Лаура Рысбек журналистика саласында 12 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Бүгінде ол университеттің ақпараттық жұмысын жоғары деңгейде үйлестіріп, өңірлік медиа саласының дамуына үлес қосып жүр. Оның жұбайы Алмат Садуақас та журналист. Екеуі осы мамандықтың арқасында танысып, бір шаңырақ астында 10 жылдан бері өмір сүріп келеді.

«Біздің кәсіби жолымыз да, отбасымыз да журналистикамен тығыз байланысты. Бір-бірімізді кәсіби тұрғыдан қолдау – отбасылық өміріміздің мызғымас негізі», – дейді Лаура.

Лаура мен Алмат көп жылдар бойы жалдамалы пәтерде тұрып келген. Жағдайларын жақсартып, тұрақты баспана алу – олардың басты армандарының бірі болатын. «Әулиеата жастары» бағдарламасының арқасында өткен жылы олар 4 бөлмелі кең үйдің иесі атанды.

«Бұл біздің өміріміздегі ең үлкен қуаныштардың бірі болды. Бағдарлама арқылы біз арманымыздағы үйге қол жеткізіп, болашаққа деген сенімімізді нығайттық», – дейді Алмат.

 Әулиеата жастары» бағдарламасы жастарға төмен пайыздық мөлшерлемемен баспана алуға мүмкіндік береді. Лаураның айтуынша, бағдарлама талаптары өте түсінікті әрі жеңіл болды. Құжаттарды дайындау мен тапсыру барысы да қиындықсыз өткен.

 «Барлығы ашық әрі әділ ұйымдастырылған.Оның үстіне құжаттардың барлығын онлайн жинап, оны тапсыру да ары кетсе 5-10 минуттың жұмысы болды», – дейді ол.

Лаура мен Алмат екі баланы тәрбиелеп отыр. Жаңа үй олардың отбасылық өмірін одан әрі жайлы әрі берекелі етті. Лаура өзінің кәсіби қызметін одан әрі жетілдіріп, университеттің имиджін арттыруға үлес қосуды жоспарлап отыр.

Бұл бағдарлама жастардың өмір сапасын арттырумен қатар, олардың туған өңірде тұрақтап, кәсіби және жеке жетістіктерге жетуіне жол ашатын маңызды бастама болып табылады. Жас отбасының оқиғасы – осындай мүмкіндіктердің арқасында болашаққа сенімді қадам жасауға болатынын дәлелдейтін жарқын үлгі.

 

 

 

Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар