«Асқақ рухты Әулиеата» атты поэзия кеші өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 19 желтоқсан, 2024
- 1

К. Әзірбаев атындағы облыстық филармониясында «Асқақ рухты Әулиеата» поэзия кеші өтіп, республикалық әдеби байқаудың жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Мерекелік кешке Қазақстанның белгілі өнерпаздары, әдебиет майталмандары, сондай-ақ жас таланттар қатысты. Поэзия кешінде ұлттық өнер мен Шығыс шайырларының шығармашылық мұрасы үндесіп, жыр мен әннің үйлесімі арқылы көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Жиында елге белгілі ақын, Қ.Р. Абай атындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай, «Тарлан-Үміт» сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері Жүсіпбек Қорғасбек, жерлес ақын Маралтай Райымбек сөз алып, өлеңдерін оқыды.
Сонымен қатар, кеш соңында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «Асқақ рухты Әулиеата» атты әдеби-мәдени байқауының жеңімпаздарын марапаттады.
- Жыр Алыбы – Жамбыл Жабаевтің есімі берілген біздің облысымызда да бұл бағытта ауқымды жобалар, маңызды іс шаралар қолға алынып отыр. Бүгінгі «Асқақ рухты Әулиеата» атты поэзия кеші де соның бір ғана көрінісі десек қателеспейміз! Облыста ақын-жазушыларды, шығармашыл интеллигенцияны қолдау, олардың шығармашылығын насихаттау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бірқатар жергілікті тұлғалардың мерейтойлары өтіп, шығармашылық кештер ұйымдастырылып, жан-жақты қолдау көрсетілуде. Біз алдымыздағы 2025 жылды – Жамбыл облысында «Кітап оқу жылы» деп белгіледік. Жыл бойы балаларды, жастарды кітап оқуға тарту мақсатында түрлі тағылымды іс шаралар ұйымдастыратын боламыз!,- деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, республикалық әдеби-мәдени байқауға жалпы саны 77 үміткер 9 номинация бойынша өздерінің шығармаларын ұсынды. Түрлі жанрда жазатын ақын-жазушылардан жалпы 114 шығарма түскен.