сейсенбі, 9 желтоқсан, 2025 19:36

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Виртуалды ойындардың бала денсаулығына қандай әсері бар?

Виртуалды ойындардың бала денсаулығына қандай әсері бар?
Фото - ашық дереккөз
Бүгінгі таңда виртуалды ойындар балалар өмірінің бөлінбес бөлігіне айналды.

Ойындардың жағымды және жағымсыз жақтары қатар кездесетіндіктен, олардың бала денсаулығына әсерін жан-жақты қарастыру маңызды. Бұл мәселе ата-аналар мен мамандардың назарын аударып отыр, себебі ойынға бөлінетін уақыт пен оның салдары балалардың жалпы дамуында маңызды рөл атқарады.

Виртуалды кеңістіктің тартымдылығы балаларды өзіне оңай тартады, сондықтан олардың уақытты қалай және қандай мазмұнда өткізіп жатқаны ерекше назарды талап етеді. Баланың санасы әлі қалыптасу үстінде болғандықтан, кез келген цифрлық әсер оның мінез-құлқына тікелей ықпал етуі мүмкін.
Қазіргі заманда виртуалды ойындар балалардың күнделікті өмірінде маңызды орын алады. Олар ойын арқылы достарымен байланысып, жаңа дағдыларды үйренеді, бірақ ұзақ уақыт ойнау кейде денсаулығына әсер етуі мүмкін.

«Балалар ұзақ уақыт экран алдында отырады, бұл олардың физикалық және психологиялық дамуына әсер етеді», — дейді балалар мен жасөспірімдер психологы Марияна Құдайбергенқызы.

Оның айтуынша, виртуалды ойындардың ең бірінші көрінісі — көздің шаршауы. «Баланың көздері ұзақ уақыт мониторға қарағанда тез шаршайды, қызарып, кейде құрғайды. Бұл көрінбейтін, бірақ маңызды мәселе. Көздің шаршауы оқуға, ойға концентрацияға кері әсер етеді», — деп түсіндірді маман. Сонымен бірге, экранға тым жақын отыру немесе жарығы дұрыс реттелмеген бөлмеде ойнау бұл проблемаларды одан әрі күшейте алады.
 
Ұйқы режимі де ойындардан зардап шегуі мүмкін. Марияна ханым атап өткендей, «Кешкі уақытта ойнаған бала ұйықтауға кешігеді, себебі экранның көк жарығы мелатонин гормонының бөлінуін тежейді. Бұл әсіресе мектеп жасындағы балаларға теріс әсер етеді: таңертең олар шаршап келеді, сабаққа зейін қоя алмайды».
 
Физикалық денсаулыққа келетін болсақ, маман балалардың ұзақ уақыт бойы отыруы арқадағы, белдегі бұлшықеттерге шамадан тыс жүктеме түсіретінін айтты. «Бала қозғалыссыз ұзақ отырып қалса, бұл семіздікке немесе бұлшықет әлсіздігіне әкелуі мүмкін. Сондықтан ойынға уақыт шектеу керек», — дейді Марияна Құдайбергенқызы.
 
Виртуалды ойындардың психологиялық әсері де маңызды. Кей ойындар агрессияны күшейтіп, стресс деңгейін арттыра алады. Маманның сөзіне сүйенсек, «Балалар ойынға тым беріліп кетсе, нақты өмірдегі міндеттерден алшақтап, әлеуметтік байланыстардан шет қалуы мүмкін».
 
Дегенмен, ойынның пайдалы жақтары да бар. «Логикалық ойлау, реакция жылдамдығы, стратегиялық ойлау сияқты дағдылар кей ойындар арқылы дамиды. Топтық ойындар балалардың әлеуметтік дағдыларын жетілдіруге де көмектеседі», — дейді Марияна ханым.
 
Қорытындылай келе, маман балаларға виртуалды ойын ойнауға мүмкіндік беруді қолдайды, бірақ уақытты шектеу, үзіліс жасау, физикалық белсенділікті сақтау керек дейді. Бір сессия 30–40 минуттан аспауы, әр сағат сайын 10–15 минут көзді демалту және спортпен айналысу — бала денсаулығын қорғаудың негізгі ережелері. «Балалар ойын арқылы дамуы мүмкін, бірақ олардың денсаулығы әрқашан бірінші орында болуы тиіс», — деп түйіндеді Марияна Құдайбергенқызы.

Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар