Психологиялық қысымға ұшыраған жасөспірім не істеуі керек?
- авторСадуақас Айсұлу
- 6 желтоқсан, 2025
- 31
Қоршаған ортадағы өзгерістер, әлеуметтік желілердің ықпалы, мектеп пен отбасы арасындағы түсініспеушіліктер жасөспірімнің нәзік жан дүниесіне әсер етпей қоймайды. Әсіресе қысымға ұшыраған балалардың жағдайы уақытында байқалмаса, олардың болашақтағы мінезі мен дамуына кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан психологиялық қысымға тап болған жеткіншектердің өзіне қалай көмектесуі және үлкендердің қалай қолдау көрсетуі керек екенін түсіну өте маңызды.
Бүгінгі ақпарат ағымы тасқындаған заманда жасөспірімнің көңіл-күйі мен психологиялық жағдайы өзекті мәселелердің бірі. Мектептегі әлімжеттік, үйде орын алған ұрыс-керіс, әлеумттік желілердегі негатив – бұлардың бәрі баланың жанына қаяу салатыны белгілі. Соңғы жылдары Жамбыл облысында орын алып жүрген қиын жағдайлар мен түсініспеушіліктер қоғамды алаңдатып отыр. Қысымға ұшыраған баланың бойында байқалатын белгілер мынадай: жиі басы ауырады, ұйқы мен тәбет проблемасы байқалады, созылмалы аурулар асқынуы мүмкін. Оған қоса эмоциялық тұрақсыздық, ашушаңдық, өзін-өзі кінәлау, жалғыздық сезімі күшейеді. Мұндай өзгерістер баланың күнделікті өміріне ғана емес, оның білім алуына, әлеуметтік қатынастарына және өзін-өзі бағалауына да теріс әсер етеді.
Психолог мамандардың айтуынша, ең алдымен жасөспірім өз жағдайындағы өзгерістерді байқап, оларды жоққа шығармауы тиіс. Стресті мойындау – оны жеңудің алғашқы қадамы. «Жасөспірімдер көбіне өз сезімін ішке сақтап жүреді, бұл жағдайды одан әрі қиындатады. Сондықтан эмоцияны бөлісу маңызды», – деп атап өтеді мамандар.
Осындай қиын сәтте жасөспірімге ең жақын адамдардың қолдауы ауадай қажет. Ата-ана немесе сенімді тұлғамен ашық сөйлесу ішкі күйзелісті едәуір жеңілдетеді. Біреу тыңдап, түсінуге тырысқанда бала өзін қауіпсіз сезінеді, мәселені шешудің жолын да оңай табады. Сонымен қатар мектеп психологымен немесе әлеуметтік педагогпен кеңесу – тиімді әрі дұрыс қадам.
Психологиялық қысымды азайтудың келесі жолы – күн тәртібін қалыпқа келтіру. Ұйқының бұзылуы, компьютер алдында ұзақ отыру, физикалық белсенділіктің аздығы психикалық жағдайды нашарлататыны белгілі. Сондықтан жасөспірімге жеткілікті ұйықтау, таза ауада жүру, спортпен айналысу өте маңызды. Бұл көңіл-күйді көтеріп, энергияны қалпына келтіреді.
Шығармашылық белсенділіктің де пайдасы зор. Сурет салу, музыкамен айналысу, күнделік жазу немесе қолөнер – эмоцияны сыртқа шығарудың ең қауіпсіз әрі пайдалы тәсілі. Бұл баланың өзін-өзі тануына, ішкі жан дүниесін түсінуге көмектеседі.
Егер қиындық ұзаққа созылып, мазасыздық пен қорқыныш арта берсе, кәсіби маманның көмегіне жүгіну өте маңызды. Психолог немесе психотерапевт жасөспірімге өз сезімін түсінуге, оларды басқаруға және психологиялық қысымнан қорғанудың тиімді әдістерін үйретеді.
Қорытындылай келе, жасөспірімдер психологиялық қысымды жиі бастан өткереді, бірақ бұл олардың кінәсі емес. Ең бастысы – уақытында қолдау көрсету, тыңдау, түсіну және қажет болған жағдайда маман көмегіне жүгіну. Осындай қамқорлық пен назар ғана баланың психикалық саулығын сақтап, оған сенімді әрі тыныш болашағын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Виртуалды ойындардың бала денсаулығына қандай әсері бар?
Ұқсас жаңалықтар
Талас халық театры республикалық додада топ жарды
- авторБақытжан Бекболат
- 8 желтоқсан, 2025




