сейсенбі, 9 желтоқсан, 2025 19:34

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жуалыда «Таза Қазақстан» акциясы қарқынды түрде жүзеге асуда

Жуалыда «Таза Қазақстан» акциясы қарқынды  түрде жүзеге асуда
Фото: Jambylinfo.kz
Жуалылықтар «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы және күзгі екі айлық абаттандыру мен санитарлық тазарту жұмыстары аясында кең көлемді жалпы сенбілік өткізілді.

Тазалық шарасына аудан әкімі Жалғас Мұртаза бастаған мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, жастар ұйымдары және жергілікті тұрғындар белсенді түрде қатысты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Іс-шараның басты мақсаты – аудан аумағының тазалығын қамтамасыз ету, экологиялық мәдениетті дамыту және тұрғындардың табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін арттыру болды.

Сенбіліктің негізгі жұмыстары аудан орталығы – Б.Момышұлы ауылындағы «Жасай бер, Қазақстан!» саябағында жүргізілді. Қатысушылар саябақ аумағын қоқыстардан тазартып, ағаштар мен жасыл желектерді ретке келтірді. Гүлзарлар тазартылып, өсімдіктерге күтім жасалды, сондай-ақ бордюрлер мен ағаштарға әктеу жұмыстары атқарылды. Жиналған қалдықтар арнайы полигондарға шығарылды. Бұл жұмыстар аудан орталығының көркін жақсартуға айтарлықтай үлес қосты.

Сенбілікке ауданға қарасты барлық ауылдық округтер де белсене қатысты. Әр өңірде көшелер, саябақтар, қоғамдық орындар тазартылып, қоқыс жиналды. Ағаштарға күтім жасалып, гүлзарлар ретке келтірілді. Әсіресе ерекше қорғалатын табиғи аймақ саналатын Шақпақ станциясында өткен сенбілік айрықша маңызға ие болды. Округ қызметкерлері мен жастар жол жиегіндегі қалдықтарды жинап, ағаштар мен бордюрлерді әктеп, аумақтың жалпы тазалығын жақсартты.

Аудандық «Жастар ресурстық орталығы» да акция аясында белсенді жұмыс жүргізді. Орталық қызметкерлері Рысбек батыр көшесінің бойын тазалап, қоқыстарды жинап, айналаны тырмалап, тәртіпке келтірді. Олар өз үлестерін қосып қана қоймай, жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырудың жарқын үлгісін көрсетті.

Жалпы сенбілік Жуалы ауданы тұрғындарының бір мақсатқа жұмыла отырып, қоршаған ортаға деген жанашырлығын айқын көрсетті. Іс-шара нәтижесінде аудан аумағының тазалығы жақсарып, тұрғындар арасында табиғатты қорғау идеясы кеңінен насихатталды.

Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар