Қызылордада Сәтбаев қаласының бұрынғы прокуроры сотталды
- авторСадуақас Айсұлу
- 21 шілде, 2025
- 598
Қызылорда қаласының № 2 соты Ұлытау облысы Сәтбаев қаласының бұрынғы прокурорына қатысты сот процесін аяқтады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Сотталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы (алаяқтық), 28-бабы 4-бөлігі және 367-бабы 2-бөлігі (пара беруге арандату) бойынша кінәлі деп танылған.
— Сотталушы биыл 1 сәуір күні Қызылорда қаласында танысы Т.-ны кездестіріп, әңгіме барысында оған қатысты бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық істің тергеліп жатқанын білген. Қызмет бабын пайдаланып, оны алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен ақшалай сыйақыға қылмыстық істі оңтайлы шешіп беруге көмек бере алатынын айтып, процессуалдық шешім қабылдайтын лауазымды адамға айтарлықтай мөлшерде пара беруге азғырып, оны қылмыстық құқықбұзушылық жасауға көндірген. Сотталушы 2 сәуірде Қызылорда қаласындағы Желтоқсан көшесінің бойында Т.-мен кездесіп, таныстары арқылы қылмыстық іс бойынша оң нәтижелі шешім қабылдауға ықпал ете алатынын жалған айтып, қызмет бабын пайдалану арқылы 2 млн теңге сұраған. Оның 1 млн теңгесін танысының абоненттік нөміріне тіркелген «Kaspi bank» есепшотына аудартқан. Одан кейін сотталушы 24 сәуір күні Т.-мен абоненттік нөмірі арқылы сөйлесіп, оған 500 мың теңгесін танысының абоненттік нөміріне тіркелген «Kaspi bank» есепшотына аудартып алып, алдау жолымен бөтеннің мүлкін жымқырған. Сотта сотталушы өз кінәсін мойындады, — делінген хабарламада.
Сот үкімімен айыпталушыға:
ҚК-нің 190-бабы бойынша — 3 жылға,
ҚК-нің 28 және 367-баптары бойынша — 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
ҚК-нің 58-бабы 3-бөлігіне сәйкес, жазалар қатаң жазаға біріктіріліп, жалпы алғанда 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.
Сонымен қатар, сотталушы өмір бойына мемлекеттік және квазимемлекеттік қызметтерде, соның ішінде судья, прокурор, қаржы және ұлттық банк салаларындағы лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Аталған іске қатысты сот үкіміне берілген апелляциялық шағым облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасында қаралып, бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылды.




