Үздік бастауыш партия ұйымы республикалық кезеңге жолдама алды
- авторjambylinfo.kz
- 30 қаңтар, 2025
- 280

Бүгін "Достық" үйінде «AMANAT» партиясының Жамбыл облыстық филиалы «Үздік бастауыш партия ұйымы» республикалық байқауының аймақтық кезеңі өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның мақсаты - бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жандандыру, олардың қоғамдық өмірдегі рөлін күшейту және партияның ішкі қызметін жетілдіру арқылы халықтың сенімін нығайту.
«AMANAT» партиясының ішкі трансформациясы аясында жүзеге асырылып, бастауыш ұйымдардың белсенділігін арттыруға, озық тәжірибелерді бөлісуге және партиялық жұмысты жаңа деңгейге көтеруге бағытталды. Байқауға аудандық іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен облыстық филиалға қарасты 28 бастауыш партия ұйымы қатысты.
Қатысушылардың жұмысын саралаған комиссия мүшелері олардың қызметінің негізгі бағыттарына ерекше назар аударды. Әсіресе, партия мүшелерінің санына қарай ұйымдар арасындағы бәсеке қызу өтті. Байқау үш санат бойынша ұйымдастырылды: 100-ге дейінгі, 100-500 аралығындағы және 500-ден астам мүшесі бар бастауыш партия ұйымдары.
Шара барысында үздік тәжірибелер талқыланып, бастауыш партия ұйымдарының жұмысы бағаланды. «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұловтың айтуынша, бұл байқау партияның ішкі құрылымын нығайтып, бастауыш ұйымдардың жұмыс сапасын арттыруға септігін тигізеді.
Байқаудың нәтижесінде, 1-ші санат – құрамында 100-ге дейін партия мүшесі бар ұйымдар арасында І орын Тараз қаласынан «Салауат» БПҰ, ІІ орын Байзақ аудандық «Кеңес» БПҰ, ал ІІІ орын Талас аудандық «Кітапхана» БПҰ алды.
Ал, 2-санат бойынша І орынды Байзақ аудандық «Бурыл» БПҰ, ІІ орын Меркі аудандық «Сұрат» БПҰ, ІІІ орын Жуалы аудандық «Жуалы-Газ» БПҰ мен Тараз қалалық «Алау» БПҰ өзара бөлісті.
Сондай-ақ, 3-санат бойынша І орын Жамбыл аудандық «Жетітөбе» БПҰ, ІІ орын Меркі аудандық «Меркі» БПҰ, ІІІ орын Тараз қалалық «Арайстроймаркет-2003» БПҰ-на қанжығалады.
Жеңімпаз ұйымдарға республикалық кезеңге жолдама берілді. Бұл байқау партияның тиімділігін арттырумен қатар, қоғамдағы белсенділігін күшейтуге және елдің дамуына үлес қосуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып саналады.
Бақытжан Бекболат
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз