сәрсенбі, 24 шілде, 2024 17:33

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жұмыспен қамту – басты міндет

Жұмыспен қамту – басты міндет
primeminister.kz
Қазіргі уақытта облыс бойынша 45 715 мүгедектігі бар адам тіркелген. Бұл облыс халқының жалпы санына шаққанда 3,7 пайызды құрайды. Жамбыл облысы әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының сан салалы жұмысының негізгі бағыттарының бірі – мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік оңалту шараларымен қамтамасыз ету

Еркін КЕЛЕСОВ, облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

– Мүгедектігі бар азаматтарды қоғамға бейімдеу – басқарма жұмысының негізгі бағыты. Осы жолда қандай нәтижеге жеттіңіздер?

– Қазіргі уақытта облыс бойынша 45 715 мүгедектігі бар адам тіркелген. Бұл облыс халқының жалпы санына шаққанда 3,7 пайызды құрайды. Басқарманың сан салалы жұмысының негізгі бағыттарының бірі – мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік оңалту шараларымен қамтамасыз ету. Яғни, мүгедектігі бар адамдардың тіршілік-тынысының шектелуін жеңіп шығуы үшін жағдай туғызуға, олардың әлеуметтік мәртебесін қалпына келтіруге, әлеуметтік-тұрмыстық және ортаға бейімделуіне бағытталған шаралар кешенін жүзеге асыру болып табылады.

Мүгедектігі бар адамдардың өзін-өзі қарап-күтуіне, өз бетімен өмір сүру мүмкіндігіне қол жеткізуіне немесе олардың отбасылық және қоғамдық өмірдің үйреншікті жағдайларына қайта оралуына жағдай жасауда арнайы оңалту құралдарының алатын орны ерекше екені даусыз.

– Бұл құралдарға мүгедектігі бар жандар қалай қол жеткізе алады?

– Бүгінгі таңда мүгедектігі бар адамдарды қажетті арнайы оңалту құралдарымен және арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ету жұмыстары автоматтандырылған түрде Әлеуметтік қызметтер порталы ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі.

Жалпы, Әлеуметтік қызметтер порталы әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесінің бір бөлігі болып табылады және мүгедектігі бар адамдарға тікелей жеткізушілерден оңалту құралдары мен қызметтерін дербес сатып алу мүмкіндігін беретін автоматтандырылған жүйе болып табылады.

Бүгінгі күні мүгедектігі бар адамдар Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы техникалық оңалту құралдарының барлық түріне және мемлекеттік мекемелердің арнаулы әлеуметтік қызметтеріне тапсырыс бере алады. Әлеуметтік қызметтер порталы оңалту құралдары мен қызметтеріне тең қол жетімділікті, үйден шықпай-ақ «бір терезе» қағидаты арқылы уақтылы әлеуметтік көмек көрсетуді, сондай-ақ жеке қажеттіліктерді, жеткізушілер, әлеуметтік қызметкерлер мен мамандар туралы мәліметтерді есепке алуды қамтамасыз етеді. Бұл адал бәсекелестікті арттырып, әлеуетті өнім берушілердің оңалту құралдары мен қызметтерін іске асыруға қатысуының ашықтығына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Яғни, мүгедектігі бар адамдар өзінің жеке оңалту бағдарламасында көрсетілген оңалту құралдары мен қызмет түрлерін электронды форматта дербес өзі қалаған өнім берушіден ерікті түрде таңдай алады.

– Жалпы, жыл басынан бері осы бағытта қанша өтініш қанағаттандырып үлгердіңіздер?

– Өткен жылы әлеуметтік қызметтер ұсыну порталында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жеке абилитациялау және оңалту бағдарламаларының орындалуы 97,9 пайызды құрап отыр. Порталда 27089 өтініш тіркеліп, 26512 өтініш қанағаттандырылды. Атап айтқанда, есту қабілетінің бұзылуын түзеуге және оның орнын толтыруға арналған 1119 сурдотехникалық құралдар, мүгедектігі бар адамдардың көру қабілетінің бұзылуы салдарынан жоғалтқан мүмкіндіктерін түзеуге және олардың орнын толтыруға бағытталған 1620 тифлотехникалық құралдар, мүгедектігі бар адамдардың белсенді және баяу жүріп-тұруына арналған 1170 кресло-арбалар, аяқ-қолды немесе дененің басқа да мүшелерін алмастыратын, аурудың немесе денсаулыққа зақым келудің салдарынан организмнің бұзылған немесе жоғалтқан функцияларының орнын толтыратын 5664 протез-ортопедиялық бұйымдар мен денсаулық жағдайларын түзету үшін 3491 санаторлы-курорттық емделу жолдамалары берілді. Сонымен қатар табиғи физиологиялық мұқтаждықтарды және қажеттіліктерді қанағаттандыруға арналған 11991 гигиеналық құралдармен қамтылып, еститін және естімейтін адамдар арасында делдалдық қызмет көрсетуге байланысты мүгедектігі бар адамдарға ымдау тілі маманының 521 қызметі, жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамды бірге алып жүру және объектілерге барған кезде көмек көрсету бойынша жеке көмекшінің 236 қызметі көрсетілді. 2024 жылы әлеуметтік қызметтер ұсыну порталында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жеке оңалту бағдарламаларын 95 пайызға орындау жоспарланып отыр. Жыл басынан Порталда 12556 өтініш тіркеліп, 7827 өтініш (немесе 62,4 пайыз)қанағаттандырылды.

– Облыстағы мекемелерді мүгедек жандарға бейімдеу жұмыстарына мониторинг жүргізесіздер ме?

– Иә, бұл жұмыс біздің бақылауымызда. Мәселен, Amanat партиясының «Өзгеру жолы: әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша Жол картасының 84-тармағына сәйкес өткен жылы стандарттарға сәйкес келетін мүгедектігі бар адамдардың жүріп-тұруына бейімделген объектілердің үлесі шамамен 60 пайызды құрауы тиіс болатын. Осыған байланысты облыс бойынша 2021-2025 жылдары 1295 нысанды бейімдеу, ал өткен жылы Тараз қаласы мен аудандарда 259 нысанды бейімдеу жоспарланған еді. Тараз қаласы мен аудандарда былтыр барлық 259 нысан бейімделуден өтіп, 60 пайыздық меже де толық орындалды. Ал биылғы жылдың соңында стандарттарға сәйкес келетін бейімделген объектілердің үлесі шамамен 80 пайызды құрауы тиіс. Оған қол жеткізу үшін биылғы жылы Тараз қаласы мен аудандарда 259 нысанды бейімдеу жоспарланды.

– Басқармаға қарасты бірнеше стационар бар екенінен хабардармыз. Стационарларға келіп, көмек алушыларға қандай жағдай қарастырылған?

– Бүгінгі таңда басқармаға қарасты 7 стационар жағдайындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталықтары қызмет атқарады. Бұл орталықтарда өзіне-өзі қызмет ете алмайтын, өзге адамның көмегін аса қажет ететін жалғызбасты қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Олардың төртеуі қарттар мен 1,2-топтағы мүгедектігі бар азаматтарға арналған орталықтар, екеуі 18 жастан асқан жүйке ауруына шалдыққандарға арналған орталықтар және біреуі 3 жастан 18 жасқа дейінгі ақыл-есі кем балаларға арналған орталық. Аталған медициналық-әлеуметтік мекемелерде 1202 төсек-орын болса, орталықтарда 1167 адам толық мемлекет қамқорлығына алынған.

Сонымен қатар, облыс көлемінде 9 жартылай стационар жағдайындағы мүгедектігі бар адамдарды оңалту және бейімдеу орталықтарында 659 мүгедектігі бар адамдарға (316 – ересектер, 343 – балалар) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілді және 2 тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталықтарында 64 адамға қызметтер ұсынылды. Аталған мекемелер арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну жұмыстарын да өз деңгейінде жалғастыруда. Қазіргі кезеңде 623 адамға қызмет көрсетілуде.

Соңғы жылдары арнаулы әлеуметтік қызметтердің көлемі мен сапасын жақсарту мақсатында бұл қызметтерді ұсынатын мекемелердің желісін дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы Тараз қаласында 150 орындық мүгедектігі бар адамдарға оңалту және бейімдеу көпсалалы орталығының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

Сонымен қатар, 120 төсек орындық күндізгі болу «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы (ардагерлерге арналған) және 110 төсек орындық «Аутизмі бар балаларды қолдау» орталығы және Жамбыл облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығы» ашылып, жұмыстарын атқаруда.

Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің ұйымдастыруымен 14 бөлімшесі және 1 бөлімшеден тыс қызметі тарапынан үйде қызмет көрсету жағдайында 1573 жалғызбасты қарттар мен мүгедектігі бар азаматтарға және балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсынылды.

– Өңірдегі мүгедектігі бар азаматтардың жұмыс істеуге ықыласы қандай? Оларға қандай мүмкіндіктер қарастырылған?

– Ерекше жандарға табыс табуда тең мүмкіндіктер жасаудың басты шарттарының бірі – оларды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту болып табылады. Жергілікті атқарушы органдар еңбек қызметі үшін медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар үшін кәсіпорындардағы жұмыс орындары санының екіден төрт пайызға дейінгі мөлшерінде жұмыс орындарына квота белгілейді.

Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің қаулыларымен 2023 жылы 51 мекемеде 86 жұмыс орнына квота бекітіліп, ол толығымен орындалды. Жалпы, өткен жылы 3348 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, олардың 1022-і тұрақты жұмыстармен қамтылды, 517 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға, 18 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 51 адам жастар практикасына жолданды. «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 15 адам, «Күміс жас» жобасына 43 адам жолданды, онлайн оқыту курстарына 77 адам тартылды, «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқытуға 1278 адам қамтылып, оның 269-ы грантқа алынды.

Биыл да аталған шаралар өз жалғасын тауып, 37 мекемеде 57 квоталық жұмыс орындары бекітілді. Бүгінгі күнге 17 мүгедектігі бар адам квота аясында жұмысқа орналасты. Сонымен қатар, осы жылдың 1 сәуіріне 725 мүгедектігі бар адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, олардың 112-сі тұрақты жұмыстармен қамтылып, 389-ы ақылы қоғамдық жұмыстарға, 7-і әлеуметтік жұмыс орындарына, 8-і жастар практикасына тартылып, алғашқы жұмыс орнына 2 адам, «Күміс жас» жобасымен 36 адам жұмысқа тұрды. 56 адам онлайн оқыту курстарына, 115 адам «Бастау бизнес» оқыту курстарына жолданды. Мүгедектігі бар азаматтардың мәселелерін дер кезінде шешуді қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімінің және Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің барлығында мүгедектігі бар азаматтар қатарынан штаттан тыс кеңесшілер тағайындалып, жұмыс атқаруда.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар