Жалақы дауы: Аймағамбетов көтерген мәселеге министрлік жауап берді
- авторБақытжан Бекболат
- 24 сәуір, 2025
- 821

Мәселені Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов көтерді. Оның айтуынша, кейбір мұғалімдер 2024 жылдың желтоқсан айындағы еңбекақысын әлі күнге дейін алмаған, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Министрлік 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап жекеменшік мектептерге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру құзыреті жергілікті атқарушы органдарға (әкімдіктерге) берілгенін еске салды.
Оператор тарапынан төлемдер мынадай тәртіппен жүргізілген:
2024 жылдың желтоқсаны үшін жалақы толық төленген;
Қаңтар мен ақпан айларына – толық төленген, оның ішінде ата-аналар қосымша ақы төлемейтін Атырау, Алматы және Қызылорда облыстарындағы мектептер де бар;
Наурыз айында – тоғыз өңірге толық төленген, қалған облыстарда төлемдер жартылай ғана жүзеге асқан.
Министрліктің мәліметінше, қалған өңірлерге төлем Қаржы министрлігі мақсатты трансферттерді аймақтық бюджеттерге бөлгеннен кейін жүргізіледі.
"Жекеменшік мектептер – білім беру жүйесінің маңызды бөлігі. Олар білімнің қолжетімділігін арттыруға үлес қосып келеді", – деді министрлік.