сенбі, 23 қараша, 2024 12:53

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбылға келетін туристер саны артуда

Жамбылға келетін туристер саны артуда
ашық дереккөзі
Жамбылға келетін туристер саны артуда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда туризм саласын дамытуға назар аудару керектегін айтқан болатын. Нақты цитата келтірсек: «Тағы бір маңызды мәселе. Үкімет және Парламент туризмді дамыту мәселесіне баса назар аударуға тиіс. Еліміздегі туризмнің әлеуеті зор, көрікті жерлеріміз өте көп. Бірақ сол жерлерге барып, демалуға әлі де жұрттың қолы жете бермейді. Бұл салаға тың серпін беру үшін, ең алдымен, инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет», деді Қ. Тоқаев. Осы тұста дәл осы тапсырмаға сәйкес жамбыл облысында да атқарып жатқан жұмыстар да жетерлік. Осы мақала да соның бірнешеуіне тоқталсақ. Облыста жалпы туристік саланы дамытуға бағытталған бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылып, көптеген жетістіктерге қол жеткізілді. Соңғы жылдары облыстағы ірі туристік аймақтардың ашылуы, туристік бизнес өкілдерімен ұсынылып отырған қызмет түрлерінің кеңеюі, орналастыру орындары санының көбеюі, ішкі туристік ағындардың өсуіне өз септігін тигізіп, өңірімізге келіп жатқан туристер легінің өсу динамикасы байқалуда. Статистикалық мәліметтер бойынша 2022 жылы облысқа келген туристер саны 135 712 адам, оның ішінде шетел туристерінің саны 2 872 адамды құрады. Ал ағымдағы жылдың 1-ші тоқсанының қорытындысы бойынша облысқа 31 144 турист келіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 116%-ға артып отыр. Олардың 467-сі шетелдік турист болса, қалған 30 677-сі еліміздің басқа өңірлерінен келген туристер. Келушілерге 498 млн. теңгеге қызмет көрсетілді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша туризм саласына салынған инвестиция көлемі 15 млрд. 012 млн. теңгені құрап, жылдық жоспарлы көрсеткіш 146,5%-ға орындалған. Жамбыл облысы аумағында 3 510 тарихи-мәдени ескерткіштер орналасқан, оның 25 республикалық дәрежедегі нысандар болса, 3 480 жергілікті маңызы бар ескерткіштер, ал 5 археологиялық ескерткіш ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген, олар Баласағұн, Құлан, Өрнек, Қостөбе қалашықтары және Ақыртас сарай кешені. Сонымен қатар, облыс аумағында 200-ден астам ежелгі қалашықтар, 8 ерекше қорғалатын табиғи аумақ, ал таулы бөктерінде 30-дан астам шатқалдар орналасқан. Қазіргі уақытта облыс аумағында 214 туристерді орналастыру орындары (182 қонақ үйлер, 1 гостевой дом, 8 балалар-сауықтыру лагерлері, 1 туристік база, 20 пәтер және 2 жалға алынған үйлер), 434 тамақтану орындары, 15 туристік ұйымдар, 11 балаларды сауықтыру лагерлері, 7 шипажай, 15 демалыс орындары, 200-ден аса қолөнершілер мен 25 көлік субъектісі жұмыс атқарады. Туристік нысандар саны 65-ті құрап, олар арқылы өтетін 45 туристік маршруттар әзірленген. Өңірде туризмді дамыту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Өткен жылдың 1 қазанында киелі Тараз қаласы Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енгізілді. Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесі 1964 жылы Бельгияда халықаралық ұйым ретінде ресми түрде тіркелген. Осы ұйымның бастамасымен 2014 жылдан бастап Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының бүкіләлемдік тізімі қалыптасуда. Бүгінгі таңда бұл тізімге әлемнің 25 мемлекетінің 57 қаласы еніп отыр. Ал Тараз қаласы осы тізімге 56 қала болып еніп, Қазақстан бойынша осы тізімге енген ең алғашқы қала болды. Бұл іс-шараның өтуі, біздің аймақтың мәдени-туристік саласындағы ең ірі оқиғалардың бірі деп санауға болады! Тараз қаласы осы тізімге өзінің үлкен туристік және қолөнершілік әлеуетінің арқасында еніп, осындай үлкен құрмет пен мәртебеге ие болып отыр. Тараз шаһарын Дүниежүзілік қолөнершілер қалалары тізіміне енгізудегі басты мақсат – осындай тарихы терең шаһарда ұлттық қолөнерді дамыта отырып, Тараз қаласын әлемдік деңгейдегі ірі ұлттық қолөнер орталықтарының біріне айналдыру. Ағымдағы жылдың 2-4 маусымы аралығында берекелі және қонақжай Әулиеата өңірінде «Тараз – қолөнершілер қаласы» II Халықаралық қолөнершілер көрмесі өткізілді. Халықаралық көрмені өткізудегі мақсат – өңірдің әлемге танымалдылығы мен туристік имиджін көтеру, отандық қолөнершілерді халықаралық деңгейде танымал ету, шетелдік және жергілікті қолөнершілер арасында тәжірибе алмасу, бәсекелестікке төтеп беру және жоғалып бара жатқан ежелгі қолөнер түрлерін сақтап қалу және қайта жаңғырту. Көрмеге әлемнің 10 мемлекетінен, еліміздің басқа өңірлерінен және жергілікті 212 қолөнершілер қатысты. Туризм саласын дамытудағы негізгі мәселелердің бірі – білікті кәсіби мамандар даярлау. Ағымдағы жылдың мамыр айында туристік салада білікті мамандар даярлауға жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, гидтер мен экскурсоводтар курстары ұйымдастырылып, 30 маман халықаралық дәрежедегі сертификат алды. Осы жылы облыс аумағында, қазіргі заман талабына сай, туристердің барлық сұраныстарын қанағаттандыратын, 2 туристік демалыс аймағы ашылды. 2023 жылдың 4 ақпанында Жуалы ауданындағы Талас Алатауының Көксай шатқалында орналасқан «Koksai resort» туристік демалыс аймағының қысқы маусымының ресми түрде ашылу салтанаты өтті. Бұл туристік аймақта туристерге спорттық және сауықтыру, мәдени және ойын-сауық қызметтерінің толық спектрі ұсынылады. Жобаның жалпы құны 3 млрд. теңгені құрайды. Бүгінгі таңда жоба бастамашысының 550 млн. теңге жеке қаражаты жұмсалып, кешенге қажетті инфрақұрылымдар тартылды. Қысқы спорт түрлерімен шұғылданатын шаңғышыларға арналған бугель және тюбинг жолдары іске қосылды. Болашақта бұл кешен тағы да қосымша нысандармен кеңейтіліп, қонақ үйлер мен спорт кешендері, футбол мен баскетбол алаңдары, бассейн құрылыстар жүргізілетін болады. Осы жобаны іске асыру нәтижесінде ішкі және кіру туризмі бойынша туристік ағындардың өсуі орта есеппен 32 мың адамға жетеді деп күтілуде. Ағымдағы жылдың 26 сәуірінде Жамбыл ауданындағы Қырғыз Алатауының Алмалы шатқалында орналасқан «Алмалы» туристік демалыс орталығының ресми түрде ашылу салтанаты өтеді. Жобаның жалпы құны 2 млрд. теңге. Бүгінгі таңда жоба бастамашысының 700 млн. теңге жеке қаражаты жұмсалып, кешен құрылысының 1 кезеңі аяқталды. Кешенде қонақ үй, киіз үйлер, кафе, монша, сауна, бассейн, ойын-сауық орындары, спорт алаңдары және т. б. нысандар орналасқан. Болашақта бұл кешен тағы да қосымша нысандармен кеңейтіліп, басқа да ғимараттар құрылысы жүргізілетін болады. Қазірдің өзінде бұл кешендер көптеп келіп жатқан облыс тұрғындары мен туристердің сүйікті демалыс орнына айналып, келушілерге жағымды әсер мен ұмытылмас естеліктер қалдыруда. Сонымен қатар, Тараз қаласының орталығында орналасқан «Зербұлақ» көлінің маңында, құны 1,2 млрд. теңге болатын, Зербұлақ аквапаркінің құрылысы жүргізіліп, биыл іске қосылуы жоспарлануда. Туризм саласына инвестиция тарту мәселесі бойынша облыс кәсіпкерлерімен және шетел инвесторларымен бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру туралы әр-түрлі деңгейде кездесулер өткізіліп тұрады. Облыстың туризм саласы бойынша 2023-2025 жылдары, жалпы соммасы 7 млрд. 355 млн. теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылатын болады, олар: - «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінің 3 кезеңі (655 млн. теңге); - «Koksai resort» туристік демалыс аймағы (3 млрд. теңге); - «Aksai resort» этно-туристік демалыс орталығы (2,5 млрд. тг.); - «Ақ жол» этно-туристік кешені (300 млн. теңге); - «Таскөл» демалыс орталығы (200 млн. теңге); - «Алмалы resort» туристік демалыс орталығы (700 млн. теңге). Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде 106 уақытша және 65 тұрақты, барлығы 171 жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Өткен жылдан бастап туристік бизнес өкілдеріне 7позиция бойынша мемлекеттік қолдау, яғни субсидиялау мүмкіндіктері қарастырылған, оның ішіндегі 4 позиция бойынша мемлекеттік қолдау жергілікті арқарушы органдармен жүзеге асырылады. Олар: - туристік бизнес өкілдері туристік қызмет объектілерінің құрылысын жүргізсе, олардың шығындарының 10%-ы өтеледі; - туристік бизнес субъектілері туристерді тасымалдауға арналған туристік автобустар сатып алатын болса, сол шығындарының 25%-ы қайтарылады; - республикалық автомобиль жолдары бойында жол бойғы сервис объектілерінің құрылысы жүргізілетін болса, ол объектілердің сметалық құнының 10%-ы туристік бизнес субъектілеріне қайтарылады; - туристер үшін тартымды аумақтарда және оларға алып баратын жолдарда орналасқан дәретханаларды күтіп-ұстауға кететін бизнес өкілдері шығындарының бір бөлігі айына 83 300 теңге көлемінде субсидияланады. Бұл позиция бойынша ағымдағы жылы туристік бизнес субъектілерінен 9 өтінім түсіп, мемлекеттік қолдау шаралары басталып кетті. Облыстың туристік әлеуетін жарнамалау мақсатында халықаралық және республикалық деңгейлердегі имидждік іс-шаралар тұрақты өткізілуде. Ағымдағы жылдың басынан «Жанды сабақтар» жобасы, «Көктем көркі – қызғалдақ» республикалық фестивалі, «Жамбыл экономикалық және инвестициялық» форумы аясында туристік іс-шаралар өткізіліп, Тараз-Түркістан-Тараз бағыты бойынша «Taraz City bus» экскурсиялық бағдарламасы жүзеге асырылуда. Жастардың патриоттық сезімін дамытуға және өз өлкесін танып білуге бағытталған бұл іс-шара аясында барлығы 36 ақпараттық тур ұйымдастырылып, жалпы саны 2000-нан аса балалар қамтылды. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыста туристерді ақпараттандыру жұмыстары қолға алынуда. Ағымдағы жылы туристер көп шоғырланатын орындар – «Март» сауда орталығы мен «Әулие Ата» әуежайында – туристерге толық ақпарат беретін, анықтамалық қызметтің барлық ресурстары шоғырланған туристік ақпараттық терминалдар орналастыру жұмыстары жүргізілетін болады. Бұл терминалдар арқылы әлеуетті туристерге облыстағы қонақ үйлер, тамақтану орындары, көлік субъектілері, көрікті жерлер мен туристік маршруттар туралы толық ақпарат бір терезе принципі бойынша ұсынылады. Қазір міне жазғы туристік маусым ашылып отыр. Облыста туристерге қызмет көрсететін нысандардың: шипажайлардың, қонақ үйлердің, ойын-сауық және демалыс орындарының жағдайы қанағаттанарлық және сапалы қызмет көрсетуге дайын. Осындай ауқымды іс-шаралардың өткізілуі облыс туризмінің дамуына жаңа серпін беріп, өңірде қолайлы туристік ахуал құруға ықпал етеді.
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар