Жамбыл облысында 25 ата-ана жауапкершілікке тартылды

0 0

Жамбылдық полицейлер еріктілердің, қоғам мен блогерлердің қатысуымен жасөспірімдер арасында рейд өткізді.

«Түнгі қаладағы балалар» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында Жамбыл облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Фахритдин Шанкаров, Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Рахымберді Әшкеев, сондай-ақ Тараз қаласы Полиция басқармасы басшылығы еріктілердің, жұртшылық пен блогерлердің қатысуымен рейд ұйымдастырды. Рейд барысында ішкі істер органдарына 28 кәмелетке толмаған бала жеткізіліп, 25 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. «Түнгі рейдтердің негізгі бағыттары –18 жасқа толмаған, заңды өкілдерсіз түнгі уақытта ойын-сауық және көңіл көтеру орындарында жүргендерді анықтау, жасөспірімдердің қадағалаусыз қалуының жолын кесу және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу. Біз саябақтар, алаңдар, кафе-барлар, компьютер клубтары және басқа да жастар жиналатын орындарды араладық», — деді Фахритдин Шанкаров.

Оның айтуынша, кейбір балалар түні бойы онда ойын ойнап, отыра береді. Егер мұндай кемшілік болса, жасөспірімдердің құжатын тексермеген клуб әкімшісі немесе мекеме иесі жазаланады.

«Айыппұл әкімшілік тәртіппен 10-нан 50 АЕК-ке дейінгі мөлшерде салынады. Бала полиция бөлімшесіне жеткізіліп, оның ата-анасы не заңды өкілдері істі қарау үшін шақырылады. Егер бала үнемі қадағалаусыз сенделіп жүрсе, ата-анасы ата-ана тәрбиесіндегі міндеттерін орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылады», — деп түсіндірді Рахымберді Әшкеев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.