Жамбыл облысында сотталғандардың құқығы қорғалды - Берікбол Байхожаев
- авторjambylinfo.kz
- 7 желтоқсан, 2024
- 583
Қазақстан Республикасы Адам құқықтарын қорғау жөніндегі Уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі
Берикбол Байхожаев облыстағы 5 түзеу мекемесіне тексеру жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Берикбол Байхожаевтың айтуынша, облыстағы 5 түзеу мекемелеріне жүргізілген тексеру барысында шағым беру терминалдарының жұмысы мен орналасқан жері жіті қаралған
"Жамбыл облысының түзеу мекемелерінде сотталғандардың электронды талап-арызын жолдауға арналған 36 терминалдар штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Бұл терминалдар негізінен сотталғандар еркін кіретін орындарда - асханаларда, жатын бөлмелерінде, медициналық бөлімдерінде, тәртіптік изоляторында және т.б. орнатылған.
Дегенмен, ҚАЖ №58 мекемесінде терминалдар сотталғандардың еркін кіруіне қолжетімді болып табылмайтын қабылдау бөлмесінде және кезекші бөлімде орналасқаны, сондай-ақ кейбір терминалдардың жұмыс істемей тұрғаны анықталды", - дейді Берікбол Байхожаев.
Бір қуантарлығы, Берікбол Байхожаевтың тарапынан берілген ұсынымы негізінде электронды өтінішін жолдауға арналған терминалдар сотталған азаматтарға қол жетімді орындарға ауыстырылған. Ал жұмысына салғырт қараған 4 лауазымды тұлға жауапқа тартылған.
"Сотталғандардың құқықтары мен оларды ұстау жағдайларының сақталуын бақылау үшін түзеу мекемелеріне барып тексеру жұмыстарын жүргізу жалғасын табады. Себебі Қазақстан Республикасы Конституциясының ең маңызды және алғашқы бабында еліміздің ең қымбат қазынасы адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары делінген. Сондықтан адамның құқықтары мен бостандықтарын әржақты қорғау - біздің мемлекетіміздің басты мақсаты.
Ал Қазақстан Республикасы Адам құқықтарын қорғау жөніндегі Уәкіл бас бостандығынан айырылған азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету үшін Азаптаулардың және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс әрекеттер мен жазалау түрлерінің алдын алу жөніндегі Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларының жұмысын үйлестіреді", - дейді Берікбол Байхожаев.
ҚР Адам құқықтарын қорғау жөніндегі Уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі
Берикбол Байхожаев сөзінше, 1998 жылы Қазақстан БҰҰ-ның азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын іс-әрекеттер мен жазалауға қарсы Конвенциясын, 2008 жылы осы Конвенцияның факультативтік хаттамасын ратификациялаған.
"2013 жылы 2 шілдеде Мемлекет басшысы азаптауға қарсы Конвенцияның факультативтік хаттамасына сәйкес қабылдаған міндеттемелерді орындау мақсатында азаптауға қарсы ұлттық алдын алу тетігін құру туралы Заңға қол қойды.
Қазақстанда Ұлттық алдын алу тетігі «Омбудсмен +» моделі негізінде жұмыс істейді. Бұл модел – үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғам ұйымдарының өкілдерімен бірге Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының қызметін үйлестіруді көздейді. Ұлттық алдын алу тетігі құрылғаннан бері, он жыл ішінде оның қатысушылары құқық қорғау органдарының, пенитециарлық мекемелер әкімшілігінің жұмысында бас бостандығынан айырылған адамдарды ұстау, азаптау, қатыгездік пен жазалауға байланысты бірқатар елеулі бұзушылықтарды анықтай алды. Жыл сайын Ұлттық алдын алу тетігі қатысушылары 500-ге жуық алдын-алу қатысуларды жүзеге асырады. Әр қатысудың қорытындысы бойынша тиісті мекеме әкімшілігіне ұсынымдар жолданады.
2023 жылы ҰАТ қатысушылары 461 профилактикалық бару жүргізіліп, мемлекеттік органдарға 3 мыңнан астам ұсынымдар берілді. Ұсыныстардың сипаты негізінен қамауда ұстау жағдайлары, заттарды алу, құқықтық білім беру, медициналық көмек көрсету, санитарлық нормаларды сақтау және т.б. қамтиды.
Ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы үкіметтік емес ұйымдардың Ұсынымдарының нәтижесінде Қылмыстық атқару жүйесінде сотталғандардың құқықтық жағдайын жақсарту бағытында үлкен жұмыстар жасалды.
Мәселен, медициналық қамтамасыз ету функциясын Денсаулық сақтау министрлігінің қарауына беру мәселесі толықтай шешілді. Бұл түрме реформасының маңызды қадамы болды. Яғни, 2022 жылдың 1 шілдесінен тергеу изоляторларындағы медициналық қызмет, 2023 жылдың 1 қаңтарынан қалған пенитенциарлық мекемелердегі медициналық бөлімшелердің барлығы Денсаулық сақтау министрлігінің қарауына өтті.
Бүгінде сотталғандарға медициналық көмек 85 емдеу мекемесінде көрсетіледі. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында 45 572 сотталушыға медициналық көмек көрсетілсе, оның 44 608-і амбулаторлық, 964-і стационарлық ем алған", - дейді обудсмен.
Сондай-ақ, Берікбол Байхожаев айтуынша, бұл бағытта қол жеткізілген ілгерілеушіліктерге қарамастан, үйлестіруді және тұрақты бақылауды талап ететін шешілмеген мәселелер әлі де бар.
"Атап айтқанда, медициналық қызметтерді көрсетуді бөлек ашық есепке алу қажеттілігі, медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту, оларға тегін шұғыл стоматологиялық көмек көрсету, әсіресе денсаулығына байланысты қылмыстық-атқару жүйесінен босатылған тұлғалар үшін медициналық көмек көрсетудің қажеттілігі және т.б. мәселелері бар. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев іс жүзінде саяси деңгейде азаптауларға қарсы соғыс жариялады. Ол бұл әрекеттің біздің қоғам үшін мүлдем жат екенін жеткізді.
Қазақстанда азаптау үшін қылмыстық жауапкершіліктің бұрыннан бар, дегенмен азаптауларды болдырмау және ондай фактілерді тергеудің тиімділігін арттыру мақсатында 2023 жылдан бастап азаптау істерін тергеуді прокуратураның айрықша құзыретіне берді және азаптауларға қатысты жаза күшейтіліп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді.
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл А.Е.Ластаев және оның өңірлердегі өкілдері сотталғандардың құқықтары мен оларды ұстау жағдайларының сақталуын бақылау үшін қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне үнемі барып тұрады.
Уәкіл назар аударатын негізгі аспектілердің бірі - бейнебақылауды қолданудың тиімділігі. Қазіргі таңда түзеу мекемелерінің барлығында дерлік соқыр бұрыштарды бейнебақылаумен қамтамасыз ету 100%-ға жуықтады. Барған кезде ең бірінші назар аударылатын мәселе, бұл бейнекамералардың жабдықталуы, бейнекамералардағы жазбалар тікелей прокуратура мен қылмыстық атқару жүйесі комитетіне түсуі, қылмыс (азаптау) жасаған адамдардың қылмыстық жауапкершіліктен құтылмауын қамтамасыз етуге қатысты шара қолданылатындығы қаралады.
Сонымен қатар, барлық колонияларда шағым түсіруге арналған электронды терминалдар орнатылған. Сотталғандар тікелей сотқа және қадағалау органдарына шағымдана алады, бұл түрме әкімшілігі тарапынан цензураны жояды. Олар терминал арқылы бірнеше рет басу арқылы Бас прокуратураға немесе Ішкі істер министрлігіне хабарласуға мүмкіндік беретін жеңілдетілген жүйелік қолдаумен жабдықталған. Сондай-ақ, сотталушы өзінің процессуалдық мәселелері бойынша сот органдарына өтініш жаза алады.
Ішкі істер министрлігі Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің мекемелерінде бүгінде 612 электронды терминал бар", -деп жауап берді Қазақстан Республикасы Адам құқықтарын қорғау жөніндегі Уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі
Берикбол Байхожаев
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз