Жамбылда 100-ден астам полиция қызметкері қар құрсауында қалған жолаушыларға көмек көрсетті
- авторСадуақас Айсұлу
- 8 қаңтар, 2025
- 100
Жамбыл облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты, боранды жел, көктайғақ және көрінудің шектелуіне орай Тараз қаласынан Түркістан облысына (Жуалы ауданы) және Алматы облысына (Қордай ауданы) көлік құралдарының барлық түрлері үшін азаматтардың қауіпсіздігі үшін жол жабылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Жамблы облыстық Полиция департаментінің 7 қаңтар сағат 23:05 -те таратқан мәліметіне сүйенсек, қозғалыс шектелген жолдардың бойында 1050-ге жуық көлік тоқтап тұр. Оның 580-і жүк көлігі және 465 жеңіл автокөлік. Жолаушылардың қауіпсіздігі үшін, төтенше жағдайлардың болуының алдын алу мақсатында аталған тас жолдарда полиция қызметкерлері жұмыс істеп, олар жүргізушілер мен басқа да азаматтарға жан-жақты көмек көрсеткен. Барлығы 100-ден астам полиция қызметкері, 45 автоэкипаж тартылған.
Жуалы ауданының Шахан асуында қалып кеткен 14 тұрғын учаскелік инспекторлармен Көлтоған ауылына жеткізіліп, туыстарының үйлеріне орналастырылды. Одан бөлек қар құрсауында қалып кеткен 10-нан аса көлік патрульдік полицейлермен құтқарылды. Патрульдік экипаждар көлік колонналарын ілестіріп сүйемелдеп алып жүруін ұйымдастырылған.
Республикалық маңызы бар автожолдарды тазартып, жолдарды ашуға арнайы техникалар жұмылдырылған.