Жамбылда Ұлттық домбыра күніне орай "Саз серісі - Әбдімомын" атты концерт өтті
- авторАрайлы Жақсылық
- 5 шілде, 2025
- 245

Іс-шараны Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен «AMANAT» партиясының Жамбыл облыстық филиалы ұйымдастырып, Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әртістері өнер көрсетті, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Ұлттық домбыра күні Мемлекет басшысының Жарлығымен 2018 жылдан бері аталып өтіп келеді. Биыл бұл мереке Астана күнімен тұспа-тұс келді.
Концерт «Домбыра – ұлт қазынасы» жалпыұлттық жобасы аясында ұлттық өнерді насихаттау, қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту, сондай-ақ Әбдімомын Желдібаевтың шығармашылығын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды.
Домбыра – халқымыздың шежіресі, рухани қуаты, бірегей мәдени мұрасы. Ғасырлар бойы ұлттың азаттығы мен өркениетке ұмтылысын айғақтап келген киелі аспап бүгінде де ұрпақтарды біріктіріп, рухани үндестіруші күшке айналып отыр.
Концерт басталар алдында «Баласағұн» концерт залының алдында «Мемлекеттік шығармашылық тапсырыс» аясындағы үйірмелердің 200-ден астам өнерпазы қазақ күйлерін бірлесе орындап, «Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталық» пен «Оқушылар сарайының» жас орындаушылары әуезді әндерден шашу шашты.
Іс-шара барысында қала тұрғындары мен қонақтарды Жамбыл облысының әкімі Ербол Шырақпайұлы Қарашөкеев мерекемен құттықтады.
Концерт облыстық филармонияның Қазақ халық аспаптар оркестрінің орындауында Әбдімомын Желдібаевтың «Әулиеата» күйімен ашылды.
Қазіргі таңда композитордың 70-тен аса шығармасы халық арасында кеңінен орындалуда. «Әулиеата», «Төле би толғауы», «Жетісу сазы», «Көкшолақ», «Толғау», «Өмір-дастан», «Ыдырыс», «Бозжігіт», «Самғау», «Шабыт» сынды күйлері қазақ күй өнерінің дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Ал ел арасында кеңінен танымал «Ерке сылқым» күйі – композитор шығармашылығының інжу-маржаны саналады.
Биыл облыс әкімдігінің қолдауымен филармония оркестрінің репертуары жаңартылып, жаңа партитуралар жазылып, өңдеуші-композиторлар мен дирижерлардың шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Жоба аясында «Әулиеата әуендері» аудиожазбасына енген төрт жаңа шығарма алғаш рет тыңдарманға ұсынылды. Олар: Нұркен Әшіровтың «Жібек жолы» сьюита-поэмасы, Еркін Нұрымбетовтың «Тағзым» күй-поэмасы және Нұрлан Бекеновтің «Сазды өлке» күй-поэмасы.
Елдік пен егемендіктің символы Астана күнімен тұспа-тұс өткен мерекелік кеш Арман Жайымның «Егеменді Ел» күй-поэмасымен қорытындыланды.
Әбдімомын Желдібаевтың ән-күйлері – халқымыздың мақтанышы, рухани азығы болып қала береді. Барлық өнерпаздар Алғыс хаттармен марапатталды.