бейсенбі, 17 шілде, 2025 23:00

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Аптап ыстық: ғалымдар мен дәрігерлер дабыл қағуда

Аптап ыстық: ғалымдар мен дәрігерлер дабыл қағуда
Pixabay.com
Экстремалды температуралар — адам өміріне қауіп төндіретін құбылыс. Соңғы жылдары аптап ыстық жиілеп, мыңдаған адамның өмірін қиып, экономикаларға орасан шығын келтіруде. Енді адамзат не істей алады?

2025 жылы әлем халқы климаттың өзгеруінен туындаған күйзелткіш ыстықпен бетпе-бет келуде. Жаздың алғашқы аптап толқыны Еуропаның оңтүстігіне, Ұлыбритания мен АҚШ-тың бірқатар өңірлеріне жайғасты. Қытай билігі де Бейжің мен өзге аймақтарда төтенше ыстық туралы ескерту жариялады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz dw.com сайтына сілтеме жасап.

28 маусымда Испанияның оңтүстігінде ауа температурасы 46 градусқа жетіп, маусым айы үшін бұрын-соңды болмаған көрсеткіш тіркелді. Осы ыстықпен қатар соққан жел орман өрттерін тұтандырып, Франция, Грекия, Түркия мен Италияда ахуал ушыға түсті. Бұл елдер халыққа күн астында жүрмеуге, салқын жерде болуға кеңес беріп жатыр. Турист көп жиналатын орындарда медицина қызметкерлері кезекшілікте тұруда – күн өту жағдайлары артып келеді.

Денсаулыққа әсері

Аптап күндер салдарынан жыл сайын әлемде жүздеген мың адам көз жұмады. Қауіп әсіресе қарт адамдарға, балаларға, жүкті әйелдер мен созылмалы ауруы бар жандарға төнеді. Әсіресе жаздың басында келген алғашқы ыстық толқыны қауіпті – адам ағзасы әлі бейімделіп үлгермейді.

Ыстықта үш негізгі қауіп бар: дененің сусыздануы, қызып кетуі және ауыр жағдайдағы күн өту.

Сонымен бірге, мұндай күндері жұмысқа жарамсыздық көрсеткіші күрт артады. Мысалы, Германияда 2023 жылы аптап ыстыққа байланысты еңбекке жарамсыз күндер саны 92 мыңнан асқан. Бұл – бұрынғы рекордтан да көп. Ер адамдар арасында бұл жағдай жиірек кездеседі. 2015 жылдан бері аптапқа байланысты жоғалған жұмыс күндері тұрақты түрде өсіп келеді.

Ыстық экономикаға қалай әсер етеді?

Жоғары температура тек адам ағзасына ғана емес, елдің экономикасына да кері ықпал етеді. Дүниежүзілік экономикалық форум мен Allianz компаниясының зерттеуі көрсеткендей, аптап күндер елдің ішкі жалпы өнімін азайтады. Мысалы, Испанияда бұл көрсеткіш – 1,4%, ал Германияда – 0,1%.

Экономистер ыстық күнді жарты күндік ереуілге теңейді: 32 градустан асатын күн – өндірістегі, қызмет көрсету саласындағы үзілістермен қатар.

Ыстық жұмыс уақытын да өзгертуге мәжбүр етеді. Бұрын тек ыстық елдерде кездесетін күндізгі демалыс (сиеста) енді Еуропаның салқындау мемлекеттерінде де талқыланып жатыр.

Жоғары температурадан жолдар, көпірлер мен рельстер де бүлінеді. Асфальт ериді, темір жол майысады, құрылыс материалдары кеңейіп, бұзылады.

Неліктен күн ысуда?

2024 жыл адамзат тарихындағы ең ыстық жыл болып тіркелді. Соңғы онжылдықтың әр жылы – ең жоғары температуралар қатарында. Бұл – жаһандық климаттың өзгеріп жатқанын анық дәлелдейді. Мұздар еріп, теңіз деңгейі көтерілуі – парниктік газдардың көбейгенінің салдары. Бұл газдардың көпшілігі – адамның әрекетінен пайда болады. Яғни, көмір, мұнай, газды жағу арқылы – көлік жүргізу, үйлерді жылыту, электр энергиясын өндіру кезінде.

Бұл газдар жер атмосферасын «қалың көрпе» секілді жауып, күннің жылуын сыртқа шығармай ұстап қалады. Салдарынан – Жер беті қыза түседі.

Қалай қорғануға болады?

Дәрігерлердің кеңесі бір: күннің ең ыстық мезгілінде сыртқа шықпаңыз, ауыр дене еңбегінен аулақ болыңыз және молынан су ішіңіз. Алайда кофе мен алкогольден бас тарту қажет.

Үйде күндіз терезені жауып, перде түсіріп, ал түнде ашып, салқын ауаны кіргізу ұсынылады. Жеңіл, ашық түсті киімдер күн сәулесін шағылыстырып, денені қызып кетуден сақтайды.

Ұзақмерзімді шешімдер қандай?

Мамандар аптап ыстыққа төтеп берудің бір жолы – қалаларды табиғи ортаға жақындату екенін айтады. Бетон мен асфальт жылуды көп жинап, ұзақ сақтайды. Ал көлеңке, жасыл желек, су көздері – қаланы табиғи жолмен салқындатады. «Жылу аралдары» деген ұғым да осыдан шыққан – қалалардағы температура ауылмен салыстырғанда шамамен 4 градусқа жоғары болады.

Кейбір қалалар бұл бағытта нақты қадамдарға барған. Мысалы, Лос-Анджелесте көшелерді ақ түске бояса, Севильяда көлеңке көп түсетін тар көшелер бар. Қытайдың Сямынь қаласында ғимарат шатырларына жасыл желек отырғызылып, қала температурасы 1 градусқа төмендеген.

Ескі үйлер – жаңа шешім

Кондиционерсіз өмір мүмкін емес деп ойласақ та, бұрын адамдар ыстықпен күресе білген. АҚШ-тың оңтүстігіндегі пуэбло халқы саз балшықтан үй салып, қалың қабырғалар арқылы күндіз жылуды сіңіріп, түнде сыртқа шығаратын. Буркина-Фасода екі қабатты шатырлар арқылы ғимараттың ішін салқын ұстаған.

Маман пікірінше, мұндай тәсілдер бүгінде де өзекті. Ғимараттардың желдетілуі мен салқындатылуын табиғи жолмен реттеу – арзан әрі тиімді шешім.

Болашақ – жасыл энергияда

Жаһандық температураны тоқтатудың жалғыз жолы – жаңартылатын энергия көздеріне толық көшу. 2024 жылы әлемдік электр энергиясының 40%-ы күн, жел сияқты таза энергиядан өндірілген. Сарапшылардың айтуынша, болашақта басты рөлді күн энергиясы атқаратын болады.

 

 

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар