Жамбылдық 117 мыңнан астам заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер декларация тапсырды
- авторjambylinfo.kz
- 31 қаңтар, 2025
- 169

2024 жылы 117 мыңнан астам заңды тұлғалардың басшылары мен дара кәсіпкерлер декларация тапсырды. Бұл туралы Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Жандос Лахаев Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлімдеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда кезең-кезеңмен жалпыға бірдей декларациялау жүйесі енгізілді. Бұл шараның негізгі мақсаты – әділ салық салуды қамтамасыз ету, әлеуметтік саясатты жетілдіру, жеке тұлғалардың кірістерін бақылаудың тиімді тетігін құру және сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендету.
Алғашқы кезеңде, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап, «активтер мен міндеттемелер» туралы декларацияны мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғалар, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсырды. Бұл шараға 250.00 нысан бойынша 40 мыңнан астам адам қатысқан еді.
Екінші кезеңде, 2023 жылы мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері, олардың жұбайлары декларация тапсыруға міндеттелді. Бұл кезеңде 116 мыңнан астам адам декларация тапсырды.
Үшінші кезеңде, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап, заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, дара кәсіпкерлер және олардың жұбайлары декларация ұсынды. Осы кезеңде 117 мыңнан астам жеке тұлға декларация тапсырды.
Төртінші кезеңде, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап, азаматтардың қалған санаттары, оның ішінде жеке құрылымдардың қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер және басқа да азаматтар декларация тапсыратын болады.
Сонымен қатар, жалпыға бірдей декларациялаудың алғашқы екі кезеңі аясында салық төлеушілер 2024 жылы «кірістер мен мүлік» туралы 270.00 нысанындағы декларацияны тапсыруға міндеттелді. 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін 157 мыңнан астам жеке тұлға бұл декларацияны тапсырды.
Мемлекет басшысының жалпыға бірдей декларациялау тәсілдерін қайта қарау туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында, ел аумағынан тыс жерде активтері бар адамдарды қоспағанда, азаматтардың осы санатын активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсырудан босату ұсынылды.
Бақытжан Бекболат
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз