Жамбылдық делегацияның Мерсинге сапары: инвестиция және ынтымақтастық
- авторjambylinfo.kz
- 23 ақпан, 2025
- 667

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев бастаған делегация Түркияның Мерсин провинциясына жұмыс сапарымен барып, өңірдің инвестициялық әлеуетін таныстырды. Іссапар барысында делегация инвестициялық форумға қатысып, Мерсиннің іскер топтарымен өндірістік кооперация және инвестициялық ынтымақтастық бойынша келіссөздер жүргізді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Сапар аясында қазақстандық делегация Мерсиннің индустриялық-өнеркәсіптік аймағы мен ірі кәсіпорындарына барды. Делегация құрамында Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Еркебұлан Сәпиев, Бас консул Қуат Қанафеев және Құрметті консул Ахмет Будан болды.
Сонымен қатар Жамбыл облысының делегациясы салынып жатқан Аккую атом электр станциясына іргелес аудандардың экономикалық дамуымен танысты. Жергілікті биліктің мәліметінше, бұл жобалар Гюльнар және Силифке аудандарының экономикасын 40%-ға арттырған. Сондай-ақ, шағын және орта бизнестің дамуына мультипликативті әсер еткені атап өтілді.
Делегация АЭС құрылысы алаңының жанындағы 3 200 адамға арналған тұрғын үй кешеніне барып, құрылыс қарқынымен танысты. Өңір басшысы түрік тәжірибесін зерттеп, жаңа технологияларды Жамбыл облысына енгізу бойынша тапсырма берді.
Ербол Қарашөкеев Medcem Cement Group басшылығымен кездесіп, құрылыс индустриясын дамыту және әлемдік стандарттарды енгізу мәселелерін талқылады. Жылдық қуаты 6,6 млн тонна өнім шығаратын Medcem Cement зауыты – әлемдегі ең ірі цемент зауыттарының бірі.
Мерсиннің индустриялық аймағында қазақстандық делегация бірқатар өндірістік орындарды аралады:
Yılbor Boru – пластик құбырлар өндірісі
Gökmak – болат конструкциялар және желдету жүйелері
Berdan Çevata – бекіткіш бұйымдар өндірісі.
Ауыл шаруашылығы саласында Arbel Group зауытында астық және бұршақ дақылдарын қайта өңдеу жобалары талқыланды. Сонымен қатар, Ulusu Pompa компаниясымен жер асты суларын тиімді пайдалану және ұңғымаларды бұрғылау мәселелері қарастырылды. Asya Sera компаниясы жылыжай құрылысына арналған берік конструкциялар шығару жобаларын ұсынды.
Өңір басшысы түрік компанияларын Жамбыл облысында жоғары технологиялық өндіріс орындарын ашуға шақырып, кәсіпкерлікті қолдау шаралары туралы айтты.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен Мерсин провинциясының губернаторы Атилла Торос стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту мүмкіндіктерін талқылады. Сондай-ақ, Жамбыл облысының Мойынқұм, Шу аудандары мен Мерсиннің Гюльнар, Силифке аудандары арасында сауда-экономикалық байланысты күшейту туралы келісімге қол жеткізілді.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз