Жамбылдық журналист жарнамалардағы оғаш қателерге шүйлікті
- авторjambylinfo.kz
- 13 ақпан, 2025
- 488

Журналист материалында жарнамалық баннерлердегі, ас мәзірлеріндегі, түрлі қаптамалардағы сауатсыз аудармаларды санамалап, тіл тазалығына мән беру керектігіне ерекше тоқталған, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Әсіресе орысшадан сөзбе-сөз аударылған кейбір тіркестер тіл жанашырларының ызасын тудыратыны жасырын емес.
«Айта, айта, Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші, баяғы жартас, сол жартас. Бұл күндері «қылтимадан қылтиып қарап тұр» деген сөзге де бой үйренді. Қай бір күні таңғы асқа балаларға тамақ жасайын деп қолыма «Дәмді себет» дүкендер желісінен алынған тары жармасын алдым. Сыртына қарасам «ажарландырылған тары» деп жазылып тұр. О заманда бұ заман, тары ажарландырылатын ба еді дедім. Сөйтсем, бұл шлифованный дегеннің тікелей аудармасы екен. Тазартылған тары болып тұр ғой. Ажарлы, сұлу, әдемі синонимдес сөздер деп мектеп қабырғасында өтуші едік. Мұндай теңеу адам баласына ғана айтылмақ. Ал мұны затқа, өнімге теңестіре алмаймыз, - дейді журналист.
Одан бөлек журналист материалына жергілікті мейрамханалардың біріндегі сауатсыз ас мәзірі арқау болған. Онда қазақтың ұлттық тағамдарын мазақ еткендей тікелей аудармалар көзге оттай басылады.
Өткен аптада көптен көрмеген құрбылармен бас қосып, Желтоқсан көшесінің бойындағы «Besh BQ» деп аталатын қазақ асханасына бардық. Іші таза, қазақи, ою-өрнекпен әсемделген. Кереге керіліп, шаңырақ бейнеленген тамаша жер екен. Келісті келбетіне таңданып болып, ас мәзірін алдырдық. Мәзірге қарасақ, ыстық тағамдар деген бөлімінде «ылғалды қартаю бұқа қабырғасы», «құрғақ қартаю сиыр қабырғасы», «қартайған тай қабырғасы» деген атауларға қарап, шошып кеттік. Орысшадан тікелей аударған. Ылғалды – влажный, Құрғақ – сухой. Еттен жасалған тағамның бұл түрлерін қазақшаны мазақтағандай аударғандары шамымызға тиді. Даяшыны шақырып алып, түсіндірдік. «Айналайын-ау, қартайған бұқа етін кім жегісі келеді? Бұларың не? Ол ет қатты шығар. Қартайып өлгелі тұрған бұқаның еті деген не сұмдық? Мәзірді дұрыстап аударыңдар, қазақ тілін мазақтағандарың ба, бұл не?» деп бір ауыз ескерттік. Дегенмен, әлгі ылғалды қартаю бұқа қабырғасына арамыздағы қыздар тапсырыс берді. Ет расында тым қатты болды.
Журналист тілді тілдегендерді айыптап, оқырманды калька аудармалардан аулақ болуға шақырды.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
Таразда «Қазақстан Барысы» іріктеу турнирі өз мәресіне жетті
- авторjambylinfo.kz
- 20 наурыз, 2025
Тоқаев Израиль президентімен телефон арқылы сөйлесті
- авторСадуақас Айсұлу
- 20 наурыз, 2025