дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 11:22

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жас мамандар - ветеринарияның болашағы

Жас мамандар - ветеринарияның болашағы
ашық дереккөз
Ветеринария мамандарын дайындауда оқу орындарына қойылар талап жоғары. Бұл тұрғыда оқу орындары үшін білікті кадрлар даярлауда оқыту технологияларын дамыту, студенттер арасында практика жұмысын ұйымдастыру, бітіруші түлектерге мүмкіндігінше жұмыс тауып беру, мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру секілді жұмыстарды атқару өзекті.

Өңірімізде осындай талап үдесінен шыға білген оқу орнының бірі – Тараз инновациялық көпсалалы колледжі. Аталған колледж директоры Ләззат Мырзабекованың айтуынша, 2022-2023 жылдан бастап «Ветеринария» мамандығы дуальді оқыту жүйесіне көшкен. Ең алғашқы жылы 89 студент дуальді оқытумен оқытылған болса, қазір осы тәсілмен білім алатын студенттер саны 94-ке жеткен. Алдағы уақытта суденттер санын арттыру жоспарланып жатса керек.– Дуальді оқыту – білім беру ұйымдарында өндірістік оқытудың және кәсіпорында (ұйымда) кәсіптік тәжірибенің міндетті кезеңдерімен жұмыс орындарын ұсынумен және білім алушыларға кәсіпорынның (ұйымның), оқу орнының және білім алушының тең жауапкершілігі кезінде өтемдік төлеммен білім беруді үйлестіретін кадрларды даярлау нысаны.Бұл жүйе екі бағыт бойынша – теориялық және тәжірибелік маманды дайындауды көздейді. Оқыту уақытының үштен бірі колледжде базалық білім алуға қатысты болса, ал қалған уақытта білім беру кәсіпорнында іс жүзінде жүзеге асады.

Мұндағы басты мақсат – өндірісте базалық жұмыс дағдылары қалыптасқан білікті және сауатты түлекті дайындау, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде қазақстандық модель әзірлеу. Басқаша айтқанда, алғашқы күннен бастап жұмысқа қосылып, оны жоғары кәсіби деңгейде орындайтын маман дайындау.Бүгінде «Дуальді оқыту» жүйесінде оқитын білімгерлермен үшжақты келісімшарт жасалып, кәсіпкерлер палатасы арқылы тіркеуге алынып, мекеме, колледж, аудандық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арасында үшжақты меморандумға да қол қойылған.«Дуальді оқыту» жүйесі негізінде оқып жүрген білімгерлерден, мекеме басшыларынан сауалнама алу арқылы дуальді оқытудың деңгейі анықталып отырады. Сонымен қатар мекеме басшаларының «Дуальді оқыту» жүйесінің тиімділігі жөнінде пікірлері алынып, білімгерлерге түсіндіру жұмыстары жолға қойылған, – дейді Ләззат Тұрсыналықызы.


Колледж өзінің қалыптасу, даму тарихында үздіксіз әрі нәтижеге бағытталған жұмыстарды жүргізумен келеді. Ұжымдағы әрбір маман бәсекеге қабілетті, білімді, еркін дамыған, жан-жақты ұрпақ тәрбиелеу бағытында еңбек етуде.– «Ветеринария» мамандығы бойынша «WoldSkills» факультатив сабағының мақсаты – білікті мамандарды даярлау, студенттерді жануарларды жұқпалы аурулардан қорғаудың жаңа әдістерін табуға ынталандыру. Түрлі жан-жануарлар арасында таралатын аурулардан адамзатты қорғау, еліміздегі ветеринарлық жағдайды зерттеу арқылы жұқпалы аурулардың таралуының алдын алу, шаруашылық иелігіндегі төрт түлікті жұқпалы аурулардан сақтау және ауырған малды емдеу, мал басының көбеюіне тікелей ықпал етуді студенттерге үйретудеміз – дейді Ләззат Тұрсыналықызы.
Тараз инновациялық көпсалалы колледжінің жас мамандары Д.Қуанышбекова, Ж.Орақбаева «Білім көкжиегі – практикада» тақырыбында ветеринария саласының адам өміріндегі маңызы мен студент жастарға алған білімдерін тәжірибеде іске асыруға және малшаруашылығы саласындағы өндірістік қызметке дайын, бәсекеге қабілетті маман болуға дайындау мақсатында тәжірибелік сабақ өткізіп тұрады. Студенттердің теориялық білімдерін практикада қолданып, көрсету де басты мақсаттың бірі.

Жалпы жаңа заманауи трихинеллоскоп жабайы доңыз еттерінде кездесетін трихинелл, трематод және басқа да паразит құрттарды анықтауға қолданылады. Колледж студенттерінің осы аппаратты қолдану арқылы анықтаған паразиттерді суретке түсіріп, оны сақтап қоюына мүмкіндігі бар. Бұл студенттің болашақта еттің сапасын жақсы зерттейтін маман болып қалыптасуына көмектеседі.
Талантты жастарды қолдау, жұмысшы және техникалық мамандықтарды насихаттау, кәсіптік білім беру ұйымдарының үздік студенттерін анықтау да ең өзекті мәселенің бірі. «Қазақстан Республикасы колледждерінің ең үздік 100 студенті» жобасына «Ветеринария» мамандығының  «Жануарларды ветеринарлық өңдеуші оператор» біліктілігі бойынша оқитын студенті Диқан Үмбетбаев қатысып, үздіктердің қатарынан көрінген екен.

Былтыр Павлодар облысының «Ertis» жоғары инновациялық-аграрлық колледжі базасында «Ветеринария» бағыты бойынша техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері қатысқан жарыс ұйымдастырылыпты. Студенттер арасында өткен аталған «AgroSkills-2023» аймақаралық конкурсына Тараз инновациялық көпсалалы колледжінің 3-курс студенті Айгерім Оразмаханбет қатысып, жүлделі II орынды иеленіпті.Биыл мамыр айының соңына таман Жетісу облысында техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы жас мамандардың кәсіби шеберлігін айқындау мақсатында «WorldSkills Zhetysu-2024» чемпионаты өткен. Осы чемпионатта «Ветеринария» құзыреттілігі бойынша Тараз инновациялық көпсалалы колледжінің намысын қорғап сынға түскен студенттің бірі – Мейірхан Жарылқасын. Ол осы сайыста жүлделі ІІІ орын алғаны үшін марапатталыпты. М.Жарылқасынның жетекшісі, арнайы пән оқытушысы Қанатбек Қартабаев студентінің III орынға еселі еңбек пен тынымсыз ізденістің арқасында қол жеткізгенін айтады. Сонымен қатар ол колледж Тараз қаласы мен Жамбыл, Байзақ, Жуалы, Талас ауданындағы ветеринариялық стансалармен, «Ахмет» шаруа қожалығымен тығыз байланыс орнатқанын сөз етті. Айтуынша, теория мен практиканы ұштастыру бойынша тұрақты түрде ветеринариялық стансалармен бірлесіп, студенттердің біліктілігін арттыруға күш салынуда.

Өткен жылы колледжді «Ветеринария» мамандығының «Жануарларды ветеринарлық өңдеуші оператор» біліктілігі бойынша екі топ аяқтаса, бірінші топтағы 37 түлектің 15-і жоғары оқу орнына түсіпті. Төртеуі жұмысқа тұрса, алтауы әскер қатарына шақырту алған. 12 түлегі бар екінші топтан он студент жұмысқа орналасқан.Қазіргі таңда осы колледжде 790 студент бар болса, оның ішінде «Ветеринария» мамандығы бойынша 150 студент білім алып жүр. Олардың 110-ы мемлекеттік грантта оқиды. 2023-2024 жылы «Ветеринария» мамандығын 82 студент бітіреді.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар