Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің аға оқытушысы Меруерт Сарсембаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» тақырыбында «Ana tili» газетіне берген сұхбатын толық оқып, танысып шыққанын және бұл сүбелі сұхбатта жасанды интеллект мәселесіне қатысты айтқан ой-пікірін толық қолдайтынын айтты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Меруерт Сарсембаеваның айтуынша, жасанды интеллекті дамытуда Халықаралық Тараз университетінің оқытушылары тыс қалмаған.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» тақырыбында «Ana tili» газетіне берген сұхбатында "Жасанды интеллектіні шектеуге емес, керісінше, оны дамыту жағына мән берілуге тиіс. Бұл технологияларды кеңінен қолданысқа енгізу орасан зор мүмкіндіктерге жол ашады. Оны қалт жібермей, игілікке жарату қажет." деп айтқан еді, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі және Astana Hub-пен бірлесіп, Қазақстанның жоғары оқу орындарының оқытушыларына арналған ауқымды оқыту бағдарламасын іске қосты. 47 университеттен 700 оқытушы Tech Orda бағдарламасының арнайы ағыны аясында Жасанды интеллект және Game Development бағыттары бойынша қарқынды оқытудан өтіп жатыр. Соның ішінде, біздің, Халықаралық Тараз университетінің оқытушылары тыс қалмады. Оқытушылар алған білімдерін білім алушыларға Жасанды интеллект бағыты бойынша тереңдетіп оқытып, нағыз инновациялық сөзіне лайықты түлектер дайындауға еңбек етіп жатыр. «Жасанды интеллект» бағыты бойынша оқу бағдарламасы Prompt engineering, Data analytics, Data Science және Computer Vision бойынша кіріспе курсты қамтиды. Ал, ілгері курс жасанды интеллект, табиғи тілді өңдеу (Natural Language Processing) және тереңдетіп оқыту (Deep learning) тақырыптарын қарастырылған. Game Development бағыты геймдизайнның негіздері, компьютерлік графика, модельдеу және текстуралау, риггинг, анимация және ойындардағы UI/UX негіздері, сондай-ақ ойын әзірлеуді қамтиды. Осындай курстардың оқытылуы, мамандардың біліктілігін арттырып, даму жолында үлесін қосар еді деп ойлаймын»,-дейді Меруерт Сарсембаева.