Жастар саясаты - ел ертеңін айқындайтын басым бағыт
- авторjambylinfo.kz
- 18 маусым, 2024
- 389
Соның бірі – әлеуметтік салаға бағытталған «Zhas project» шағын грант байқауы. «Zhas project» жобасын Мәдениет және ақпарат министрлігі 2022 жылдан бастап Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен жүзеге асырып келеді. Байқау түрінде ұйымдастырылатын жоба бірнеше кезеңнен тұрады. Ол әлеуметтік жобалар мен бизнес-идеяларды қаржыландыру арқылы халықтың осал топтарын, әсіресе ауылдық жерлерде тұратын жас қазақстандықтарды қолдауға бағытталған гранттық жоба. Жоба жастарды қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық өмірге тартуға және халықты жұмыспен қамтуға бағытталған.
Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхардың айтуынша, жобаның негізгі мақсаты – ақпараттық-түсіндіру, білім беру және жүргізілетін жұмыстар арқылы NEET санатындағы жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау.– Биыл «Zhas project» жобасы еліміздің 20 өңірінде іске асырылды. Жоба шеңберінде NEET санатына жататын жастардың проблемаларын шешуге бағытталған әлеуметтік жобаларға конкурстық негізде 1 000 000 теңгеге дейінгі сомаға шағын гранттар беру көзделді.
Байқау 19 ақпанда басталып, мамыр айында мәресіне жетті. Тарқатып айтсам, 19 ақпаннан 24 наурызға дейін конкурсқа әлеуетті қатысушылар үшін ақпараттық-түсіндіру науқаны өтті. Жоба барысында 25 наурыздан бастап 24 сәуірге дейін жастардан өтінімдер қабылдау жүргізілді. Мұнан соң 25 сәуір мен 14 мамыр аралығында комиссия конкурстық өтінімдерді іріктеу бойынша жұмыстар жүргізді.Республика көлемінде өткен ауқымды жобаға жұмыссыз жастардан жалпы 4 мыңға жуық өтінім түскен, олардың ішінен 280 өтінім іріктеуден өтті. Байқау комиссиясы техникалық іріктеуден өткен өтінімдер ішінен 28 жобаны анықтады. Оның ішінде 8 жоба біздің облысымыздың жастарына тиесілі, – деді Жомарт Дүйсенұлы.
Жақында аталған басқарма басшысы байқауда үздік атанып, кәсібін бастауға мүмкіндік алған сегіз жасты қабылдап, оларды жеңістерімен құттықтады. Сондай-ақ жеңімпаздарға грант сертификаттары салтанатты түрде табысталды. Мыңдаған өтініштің ішінен іріктелген жобалар несімен ерекшеленді? Қысқаша баяндап өтсек, «Zhas project» шағын гранттар байқауының жеңімпаздарының бірі Таңжар Созақбаев әлеуметтік маңызы бар бірегей жобаны жүзеге асырмақ. Жас кәсіпкер Байзақ ауданының Сарыкемер ауылындағы мүмкіндігі шектеулі жандар мен аз қамтылған отбасының балаларын тігіншілікке баулуды көздеп отыр. Осылайша оларды қызметке араластырып, табыс табуына себепші болмақ.
Алдағы төрт айда Таңжар тігін және цифрлық маркетинг бойынша теориялық және тәжірибелік сабақтар өткізуді, жобаны ақпараттық қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.
– «Zhas project» шағын гранттар байқауында жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Алайда мемлекет үміт артып, грант бөліп отырған соң оны игеру үлкен жауапкершілік. Өз арманымды іске асырып қана қоймай, әлеуметтік осал топтағы отбасылардың балаларына көмегім тисе деген ниетпен осы істі қолға алдым. Өзім де көпбалалы отбасында ержеттім. Үйде төрт ұл, екі қызбыз. Бір қызығы, жанұядағы қарапайым үй шаруаларын атқарып жүріп-ақ түрлі сала бойынша тәжірибе жинақтадым. Содан болар, тігуді де, пішуді де жақсы меңгеріп алғанмын, – дейді Т.Созақбаев.
Таңжардың ұлттық киім-кешекке деген қызығушылығын оятқан еліміздің батыс аймағында тұратын туысқандары екен. Ал аталған өңірде ұлттық нақыштағы қамзолдар мен шапандар ерекше бағаланатыны белгілі.– Батыс өңірінде тұрғындардың 70-80 пайызы қазақы үлгіде киініп жүреді. Ұлттық нақыштағы сән үлгісі еріксіз назарыңды аударады. Облысымызда да қазақтың ұлттық киімдерін сәнге айналдырсам деймін. Заман талабына сай ұлттық нақыштағы киімдерді тігіп, сатылымға шығаруды көздеп отырмын. Ойымды жүзеге асыру мақсатында қажетті құрал-жабдықтарды, тігін машиналарын сатып алдым. Сондай-ақ қазір есімі жазылған немесе өзі қалаған сурет бейнеленген киім кию сұранысқа ие. Ол бойынша да клиенттерімізге қызмет түрін ұсына аламыз. Жақын арада жоба бойынша жұмысқа кірісемін. Әрі тігіншілік өнерді шәкірттеріме де үйретемін, – деп жұмысымен таныстырып өтті жас кәсіпкер.
Таңжар мүмкіндігі шектеулі жандар мен аз қамтылған отбасы балаларын ғана емес, қызығушылық білдірген кез келген ауылдасын оқытуға дайын. Ең бастысы, курсқа жазылған әр білімгердің бойында оқуға, дамуға және жұмыс жасауға деген ұмтылыс болуы маңызды. Жас кәсіпкер талпынған әрбір жанның еңбексүйгіштігін бағалайды.«Zhas project» шағын гранттар байқауының тағы бір жеңімпазы – тараздық Малика Әлжанова. Көпбалалы жас ана қыз-келіншектерге аспаздық өнердің қыр-сыры мен бизнес негіздерін үйретуге дайын.Маликаның бұл идеясы облыс орталығындағы жұмыссыз әйелдер мен көпбалалы отбасыларды оқытып, қолдауға бағытталған.
– Ет өнімдерінің жартылай фабрикаттарын дайындау бойынша шеберлік сабақтарын өткіземін. Және курсыма жазылғандарды құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, қыздарға үйден шықпай-ақ жеке кәсібін құру үшін не істеу керектігін егжей-тегжейлі түсіндіретін боламын. Жоба аясында көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға өндірілген өнімдерді тегін беруді жоспарлап отырмыз. Болашақта команда жасақтап, өндірісті кеңейтіп, қалалық дәмханалар мен мейрамханалармен ынтымақтастық орнатқым келеді, – дейді Малика.
Жоба жеңімпазы алдымен 10-15 қыз-келіншекті оқытуды жоспарлап отыр.– Өзім де көпбалалы ана әрі үй шаруасындағы әйелмін. Сондықтан таңғы, түскі, кешкі ас дайындау күнделікті жасауға тиіс міндетті жұмыстар. Жобам арқылы үйдегі шаруаларды кәсібіме айналдыруға мүмкіндік алдым. Ең бастысы, өзім секілді көпбалалы аналарды да жұмыспен қамтысам деймін. Сүйіспеншілікпен жасасаң жұмысың өнімді болары анық. Жаңа кәсібіме жақсы ниетпен кірісіп жатырмын. Өнімді болса екен деп тілеймін,– дейді жас кәсіпкер.Идея авторы шәкірттерінің де өз кәсібін ашып, аспаздыққа қабілеті арқылы табыс тапқанын қалайды. Тұрақты жұмысы болмай біраз уақыт үйде отырған келіншек өзге әйелдердің жағдайын жақсы түсінеді. Содан да көпбалалы аналардың үйде отырып-ақ кәсібін дөңгелете алуына себепші болғысы келеді.
– Жобаны жолдасымның және балаларымның қолдауы мен көмегінің арқасында сәтті қорғап шықтым. Менің де қолдауыма зәру кез келген нәзікжандыға бағыт-бағдар көрсетуге дайынмын. Осы жобам қыздардың өз-өзіне сенімді болуына және қаржы таба бастауына көмектесуі керек. Шеберлік сабақтарын жақында бастаймыз. Қыз-келіншектерді үйде үйретемін. Алдымен манты мен тұшпара жасаймыз. Шәкірттеріме тамақ дайындаудан бастап, мұздату мен сақтауға дейінгі тәсілдердің бәрін үйрететін боламын, – дейді М.Әлжанова.
Малика Әлжанова өз жобасы арқылы шағын кәсіпкерлікті дамытуға үлес қосатынына сенімді. Әрі бұл ісін қоғамның әлеуметтік сұранысын қанағаттандыруға жасалған үлкен қадам деп санайды. Жас ана сөз соңында болашақта тамаша бастамасының үлкен кәсіпкерлікке айналуы үшін аянбай еңбек ететінін жеткізді.Жоба жеңімпаздарының қатарында ерікті дәрігер Тілесбек Серік те бар. Жаңашыл жастың жобасы аутизм, алалия, зейін тапшылығы, гипербелсенділік сияқты дамуында артта қалған және диагнозы бар балалардың танымдық және физикалық қабілеттерін жетілдіруге бағытталған.
Сол секілді Жұлдыз Оразбаева да көпбалалы отбасынан шыққан шығармашыл балаларды қолдау және олардың жұмыстарын бүкіл Қазақстан бойынша насихаттау мақсатында қолға алған жобасын сәтті қорғап шықты. Ол шығармашыл балалар арасында сурет байқауын өткізіп, дарынды балдырғандардың жұмыстарының негізінде брендтік тауарларды жасап, оларды тарату бағытында тер төгетін болады.
Жоба жеңімпаздарының бірі Нұрәлі Сайлауов 1-4-сынып оқушыларына арналған қосымша білім беру курсын ашуға ниетті. Курс математика, қазақ және ағылшын тілдерінен қосымша сабақтар топтамасын, сондай-ақ студенттерге арналған ұзартылған күн тобын қамтиды.Ал ерікті Әсия Керпікова шағын грантқа синтетикалық есірткіні қолданудың қауіп-қатері мен салдары туралы хабардар ету арқылы жастар арасында зиянды заттардың таралуының алдын алуға арналған бірегей жобасы үшін ие болды. Жоба барысында ақпараттық науқандарды ұйымдастыру, семинарлар, практикалық сабақтар және дебат турнирлерін өткізуді жоспарлап отыр.
Сол сияқты белсенді Бекзат Жұмашев жастар арасында пікірталас, зияткерлік ойындар және басқа да іс-шаралар өткізу үшін коворкинг орталығын құруға бағытталған жобасы үшін грант ұтып алды. Волонтер Әсел Кеженова болса, әлеуметтік осал топтағы балалардың пайдалы шеберлік сабақтарына қатысуына мүмкіндік беруді жоспарлап отыр. Жоба авторы балаларға тамақ дайындауға немесе сурет салуға, сәндік өнерге немесе қолөнерге қызығушылықтарын арттыруға көмектеседі.Жамбылдық жастар іске асырғалы отырған әлеуметтік жобалардың барлығы да уақыт өте келе өз тиімділігін көрсетері анық.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Жамбылда жыл басынан бері 4 бала терезеден құлады
Ұқсас жаңалықтар
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында қауіпсіздік шаралары күшейтілді
- авторСадуақас Айсұлу
- 23 желтоқсан, 2024