Биыл Жамбыл облысында 26 білім беру нысанының құрылысы жоспарланған
- авторАрайлы Жақсылық
- 10 сәуір, 2025
- 218

Бұл бастама балалардың сапалы білім алуы мен жайлы ортада дамуына жағдай жасауға бағытталған. Жарқын жоба аясында Жамбыл облысында да ауқымды жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асып жатыр, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ләззат Қызылқұлованың айтуынша өңірде мектеп тапшылығын шешу мәселесі кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді.
«2024 жылдың 1 қыркүйегінде облыста 6 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Олардың бірі Байзақ ауданы Сарыкемер ауылында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған 600 орындық мектеп. Бұл мектепте 35 оқу кабинеті, 2 спорт залы, 2 компьютер кабинеті, мәжіліс залы, кітапхана және асхана бар. Сондай-ақ, Тараз қаласының «Арай» және «Казарма» тұрғын алқаптарында жаңа мектептер ашылды. Меркі, Қордай және Сарысу аудандарында да жаңа білім ұялары пайдалануға беріліп, тозығы жеткен мектептердің мәселесі шешілді.
Сондай-ақ Таразда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 3 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұл мектептердің ашылуы өңірдегі үш ауысымды мектептердің мәселесін толықтай шешуге бағытталған маңызды қадам болды», деді Ләззат Әбілдақызы.
Жаңа үлгідегі мектептерде шеберхана, зертхана, компьютерлік сынып, хореографиялық залдар, коворкинг-орталықтар, үлкен асхана және спортзалдар бар. Сыныптарда интерактивті тақталар орнатылған. Сәні мен салтанаты келіскен нысандар IT-құзыреттерін, ғылыми және шығармашылық әлеуетін қолдау үшін заманауи робототехника кабинеттерімен және STEM-зертханалармен, бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар оқу ордаларында инклюзивті білім беруге жіті көңіл бөлініп отыр. Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін пандустар, лифттер, санитарлық тораптар және инклюзивті білім беру кабинеті қарастырылған.
Жалпы биыл облыста 26 білім беру нысанының құрылысы жоспарланған, оның 21-і (11 мектеп және 10 қосымша ғимарат) жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ал 2026 жылы тағы 6 білім беру нысанының, атап айтқанда, 4 мектеп және 2 қосымша ғимараттың құрылысы басталады.
Осылайша, Жамбыл облысында білім беру инфрақұрылымын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалуда.