«Ұлттық тағам – ұлт мақтанышы» атты облыстық фестиваль өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 10 сәуір, 2025
- 205

Жамбыл облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығында «Ұлттық тағам – ұлт мақтанышы» атты облыстық фестиваль өтті, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Мұқанов қатысушыларды құттықтап, ұлттық мұраны жаңғыртудың маңызын айтты. Оның айтуынша, осындай тағылымды бастамалар ұлттың рухани жаңғыруына серпін береді.
Фестиваль барысында «Береке» аспаздық студиясының қатысушылары көнеден жеткен қазақтың тағамдарын ұсынып, әрбір асқа қатысты тарихи мәліметтермен бөлісті. Тек дәмімен емес, мазмұнымен де баураған бұл тағамдар қазақ халқының өмір салты мен дүниетанымынан хабар береді.
Ұлттық өнер де шет қалмады. Кеш барысында Жамбыл филармониясының «Жамбыл» триосы мен Байзақ ауданынан келген әнші Саламат Молдабаев сахна төрінде өнер көрсетіп, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар орталықтың шығармашыл балалары би мен күй арқылы қазақ рухын көтеріп, шараның мазмұнын тереңдете түсті.
Фестиваль соңында қатысушылар марапатталып, естелік сыйлықтар табысталды. Ұлттың асханасы мен өнерін дәріптеген бұл фестиваль — өскелең ұрпаққа рухани тәрбие беріп, ұлттық мұраны қадірлеуге үндейтін игі бастама болды.