бейсенбі, 21 қараша, 2024 23:53

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жер қатынастары жүйелі реттелуде

Жер қатынастары жүйелі реттелуде
ашық дереккөз
Қазіргі таңда Тараз қаласы тұрғындарының саны артып келеді. Соған сәйкес, жер телімін алуға кезекте тұрған азаматтардың да қатары көбеюде. Сондықтан шаһар тұрғындарының кезегімен жер алуын ұйымдастыру – аса жауапты әрі маңызды іс. Бұл ретте Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі тарапынан жүйелі жұмыстар қолға алынуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында игерусіз жатқан жерлердің жайына кеңінен тоқталған еді. Әсіресе бос жерлерді индустрияны игілендіру мақсатына пайдалану қажет екенін нықтап айтқан болатын.
«Өнім өндіру үшін ең алдымен жер керек. Жері жоқ адам бизнеспен айналыса алмайды. Кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тәсілдері айқындалуға тиіс. Әрбір аймақ пен елді мекенде бос жатқан немесе мақсатына сай игерілмеген жердің бар-жоғын анықтау қажет. Бұл ақпаратты бизнес өкілдері білуге тиіс. Аталған шаралар кәсіпкерлердің ғана емес, жалпы экономиканың бәсекеге қабілетін арттыра түсетіні анық», – деген Президент жер қойнауын игеру ісіне инвестиция тарту үшін заңнаманы және рәсімдерді барынша жеңілдету керек екенін айтқан еді.
Бұл ретте өткен жылы Тараз қаласы аумағында орналасқан 32 461 жер учаскесін есепке алу жұмыстарының нәтижесінде, жалпы көлемі 2003,16 гектарды құрайтын өндірістік құрылыс алаңы үшін 485 жер учаскесі бар екені анықталды.
Жалпы облыс орталығында көлемі 6565,56 гектар болатын жекеменшік құқығындағы 28 679 тұрғын үй бар. Сондай-ақ көлемі 791,96 гектарды құрайтын кәсіпкерлік нысандардың 2 062 жер учаскесі, жалпы көлемі 264,52 гектар болатын құрылысы бар 2 559 заңдастырылмаған жер учаскесі, көлемі 0,13 гектар 16 нысаналы мақсатына сәйкес емес пайдаланып отырған жер учаскесі, жалпы көлемі 181,2 гектар құрайтын 257 бос жер учаскесі және жалпы көлемі 89,5 гектар құрайтын заңсыз қосымша пайдаланып отырған 1 541 жер учаскесі анықталды.
Алдағы уақытта бос жатқан жер учаскелерді жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін кезекте тұрған азаматтарға бөлу үшін Тараз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысына жинақталып тапсыру жоспарланған.
Нысаналы мақсатына сәйкес емес пайдаланып отырған 16 жер учаскесі және заңсыз қосымша пайдаланып отырған 1 541 жер учаскесі бойынша мәлімет жинақталып, бөлім тарапынан «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Жамбыл облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 92-бабының талаптарына сәйкес шара қолдану үшін жолданады.
Жер – халықтың мұрасы, асыл қазынасы. Қасиетті қара жерді тиімді пайдалану – азаматтық парыз. Ал игерілмей жатқан жер мемлекет еншісіне өтуі тиіс. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында заңсыз үлестірілген және пайдаланылмай бос жатқан 10 млн гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару туралы тапсырма берген болатын. Үкімет бұл тапсырманы 2022-2023 жылдары толық орындады. Бүгінде елдің стратегиялық ресурсын ұтымды пайдалану жөніндегі міндеттер кешенін іске асыру жалғастырылып жатыр. Жамбылда Президент тапсырмасына сәйкес, осы бағыттағы жұмыстар қарқынды жүзеге асып келеді. Мәселен, былтыр өңірімізде пайдаланылмай жатқан 201,2 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, тапсырма тиісті деңгейде орындалған. Бұл алқаптар бұған дейін 530 тұлғаның иелігінде болған. Мемлекет меншігіне өткен 41 860,7 гектары Мойынқұм ауданынан, 31 591,6 гектары Сарысу ауданынан қайтарылса, одан кейінгі жер алқаптары Байзақ, Жамбыл, Меркі, Т.Рысқұлов, Жуалы, Қордай, Талас және Шу аудандарына тиесілі. Ал биыл облыста шамамен 80 мыңға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылады деп жоспарлануда.
Облыс орталығында халық санының артуымен көлік қозғалысының көбейетіні түсінікті. Бұл мәселе көпшілікті толғандырып тұрғаны даусыз. Сол себепті теміржолдың арғы жағындағы аумақ тұрғындары мен орталықты байланыстыру мақсатында жол өткелі салынады.
Өткел жол салудың маңызы зор екені айтпаса да түсінікті. Өткен жылы Абай даңғылының бойынан екі өткел жол салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу керек болды. Құжаттарды дайындау, мемлекеттік сараптамадан өткізу үшін жергілікті қазынадан қажетті қаражат қарастырылып, конкурс нәтижесіне сәйкес «ДӘН-Қо» ЖШС жобалаушы болып анықталып, келісімшарт жасалды.
Тараздықтар ұзақ уақыт күткен көпірдің ұзындығы бір шақырымға жетеғабыл. Ал ені 17 метрді құрайды. Тиісті құжаттар толық әзірленгеннен кейін де атқарылатын жұмыс аз емес. Нақтырақ айтсақ, Абай даңғылының аяқ тұсындағы 60-тан астам нысанды мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізіледі. Оның қырықтан астамы жеке тұрғын үй болса, жиырмадан астамы бизнес нысандары. Жоспардағы жұмыс ойдағыдай жүзеге асса, көпір құрылысы осы жылдың екінші жартысында басталмақ.
Көпір салу оңай шаруа емес. Қолға алынған жұмыс «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңның 62-бабының 3-тармағының 2-тармақшасына сәйкес жүргізіледі. Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырмасымен көпірді жобалаушы «ДӘН-Қо» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жобаны жүзеге асыру үшін мемлекет мұқтажы үшін қайтаруға қажетті жер учаскелерінің көлемдері нақты-ланып, анықталды. Нәтижесінде, барлығы 61 нысан, оның ішінде 42 жеке тұрғын үй, 17 кәсіпкерлік нысан және 2 мемлекеттік жер пайдаланушы мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығаруға жатады.
«Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мамандары меншік иелерінен жер учаскелерін бір бөліктерін немесе толықтай мемлекет мұқтажына қайтаратыны туралы сауалнама алынды. Бүгінгі таңда мемлекет мұқтажы үшін қажетті 56 жер учаскелеріне қатысты Тараз қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 9 және 22 қарашадағы №4358, 4452, 2024 жылғы 10 қаңтардағы №37 қаулылары қабылданып, жер учаскелері және өзге де жылжымайтын мүліктерге тәуелсіз бағалау жұмыстарын жүргізуге тәуелсіз бағалаушыға құжаттары жолданды. Қалған 5 жер учаскелерінің иелері мүліктерін мұрагерлікке қабылдау және заңдастыру жұмыстарын жүргізуде.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар