«Жомарт» шахтасындағы апат: тергеу 10 күн ішінде аяқталуы тиіс
- авторjambylinfo.kz
- 19 ақпан, 2025
- 269

Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Ұлытау облысындағы «Жомарт» кенішіндегі апаттың себептерін тексеру және қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсету жөніндегі Үкіметтік комиссияның жұмысы туралы баяндама жасады, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
2025 жылғы 17 ақпанда Қазақмыс корпорациясының «Жомарт» шахтасында төтенше жағдай орын алды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, шахтада табиғи газ жарылған. Оқиға салдарынан 7 адам қаза тапты, ал 402 адам өз бетінше эвакуацияланды.
Апат орнында Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел штабы құрылды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу басталды, тиісті сараптамалар жүргізілуде. Сенім телефоны желісіне 23 қоңырау түсті.
Шахтада жұмыс толықтай тоқтатылды. Апаттың себептерін анықтау және қауіпсіздік талаптарының бұзылуын зерттеу үшін екі арнайы комиссия құрылды. Олар өз жұмыстарын 10 күн ішінде аяқтауға тиіс.
Комиссия басшысы мен мүшелері шахтадағы жағдайды зерттеп, қаза тапқандардың отбасыларымен кездесті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, зардап шеккен отбасыларға қажетті қолдау шаралары көрсетіледі.
Қазақмыс корпорациясы ұжымдық шартқа сәйкес төмендегідей материалдық көмек көрсетеді:
Жерлеу рәсімін ұйымдастыру,
Қаза тапқан қызметкерлердің жылдық орташа жалақысының 10 еселенген төлемі,
Балалардың оқу ақысын төлеу,
Қарыздары мен несиелерін өтеу.
Сонымен қатар, қолданыстағы заңнамаға сәйкес қаза тапқандардың отбасыларына мемлекеттік жәрдемақылар, әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қорынан төлемдер және жерлеуге арналған жәрдемақылар қарастырылады.
Комиссия жұмысының нәтижелері тергеу аяқталғаннан кейін жарияланатын болады.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз