Жуалыда «Жасыл әлемді бірге құрайық» атты экологиялық акция өтті
- авторБақытжан Бекболат
- 19 сәуір, 2025
- 832

Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Жуалы аудандық білім бөлімінің бастамасымен №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияда «Таза Қазақстан» ұлттық акциясы аясында «Жасыл әлемді бірге құрайық» атты ағаш отырғызу акциясы өтті.
Экологиялық акцияның негізгі мақсаты – табиғатты көркейту, экологиялық тепе-теңдікті сақтау және жастардың табиғатқа жанашыр көзқарасын қалыптастыру.
Шара барысында қатысушылар тұқымнан ағаш өсірудің маңыздылығына көз жеткізіп, экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған бастамалармен танысты.
Іс-шараға Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртаза, әкімнің орынбасары Асхат Жабағы, аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев, білім бөлімінің басшысы Бахыт Шертаева және аудан мектептерінің 5–10 сынып оқушыларынан құралған «Жасыл клуб» мүшелері қатысты.
Акция мектеп оқушыларының экологиялық флешмоб биімен ашылып, мектеп фойесі арнайы безендірілді. Шара аясында бірнеше оқушы өздерінің экологиялық жобаларын көпшілік назарына ұсынды. Атап айтқанда, №11 Т.Тастандиев атындағы орта мектеп оқушысы Татьяна Вишневская «Скажи "Да" переработке пластика!» жобасын, №17 Ы.Алтынсарин атындағы мектептен Еңлік Тұрдалы «Өзендердің экожүйесінің ластануы мен қалпына келтіру жолдары» жобасын, ал №19 Д.Қонаев мектеп-гимназиясының оқушысы Іңкәр Сапарбек «Сөйлейтін қоқыс жәшігі» тақырыбындағы жұмысын ұсынды.
Іс-шара соңында мектептің акт залында ағаш отырғызудың әдіс-тәсілдері көрсетіліп, қатысушыларға тәжірибелік кеңестер берілді.