АҚШ президенті Канадамен сауда келіссөздерін тоқтатып, тарифті 10%-ға көтерді
- авторМағжан Орынбасар
- 26 қазан, 2025
- 290
АҚШ президенті Дональд Трамп Канадаға салынатын тарифтерді тағы 10%-ға көтергенін мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай шешім Канадада түсірілген Ақ үй басшысының саясатын сынаған жарнамалық бейнероликке байланысты қабылданған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
BBC хабарлауынша, бұл роликті Онтарио провинциясының премьері Даг Фордтың тапсырмасымен әзірлеген. Ол тікелей әрі өткір мәлімдемелерімен танымал саясаткер ретінде белгілі. Роликте АҚШ-тың бұрынғы президенті Рональд Рейганның сөзі қолданылады, онда Рейган тарифтердің сауда соғыстары мен экономикалық апаттарға әкелетінін айтқан.
Осыдан кейін Трамп Канадамен сауда келіссөздерін тоқтатып, Онтарио билігін жалған ақпарат таратты деп айыптады.
Жұма күні Форд өзінің провинциясының АҚШ-тағы антитарифтік жарнамалық науқанын уақытша тоқтататынын мәлімдеді. АҚШ-тың канадалық тауарларға енгізген тарифтерінің ең қатал сыншыларының бірі саналатын Форд бұл шешімді Канада премьер-министрі Марк Карнимен сөйлескеннен кейін қабылдағанын айтты. Ол телеарнадағы жарнаманың дүйсенбі күні тоқтатылатынын және «сауда келіссөздері қайта басталуы үшін» осылай жасалатынын атап өтті.
Алайда сенбі күні Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде жаңа жазба жариялап, аталған роликті «алдау» деп атады.
— Олардың фактілерді өрескел бұрмалауы мен жаулық әрекеттеріне байланысты Канадаға салынатын тарифті тағы 10%-ға көтеремін, — деді жазбасында.
Бұған дейін Канада премьері журналистерге елдің АҚШ-пен сауда келіссөздерін «америкалық тарап дайын болған кезде» қайта бастауға әзір екенін айтқан.






