Әлем назары осы апта АҚШ-тағы президент сайлауына ауды. Бұл алпауыт елді келесі төрт жыл кім басқаратынын білуге деген қызығушылықтың жоғары деңгейін көрсетсе керек. Өйткені бұл таңдаудың АҚШ-тың ахуалына ғана емес, халықаралық саясат, экономика және өзге де салалардың постпандемия кезеңіндегі даму бағытына әсер етпей қоймасы анық. Әзірге әлем жұрты тартысты доданың қалай өрбіп жатқанын жіті бақылап отыр.
АҚШ-тағы президент сайлауында дауыс беру аяқталды, енді жинаған дауыс санын есептеу ғана қалды. Биылғы президент сайлауы пандемия салдарынан өзгеше өтіп жатыр. Сол себепті де дауыстарды санау әдеттегіден созылып кетті. Президенттіктен Республикалық партия өкілі, қазіргі мемлекет басшысы Дональд Трамп пен Демократиялық партия додаға үкілеп қосқан бұрынғы вице-президент, сенатор Джо Байден үмітті. Екеуі де жасы 70-тен асқан, тіс қаққан тәжірибелі саясаткерлер. Трамп өзінің президенттік кезеңінде даулы шешімдерімен, қоғамды дүрліктірген мәлімдемелерімен көптің есінде қалса, Байден көпшілікке 2009-2017 жылдар аралығында АҚШ-тың вице-президенті болғандықтан кеңінен танымал. Сондай-ақ қос саясаткер де – АҚШ-тағы президенттік сайлау тарихындағы жасы ең үлкен үміткерлер.
Америкалықтар бұл сайлауда жаңа президент таңдап қана емес, елдің идеологиясы мен саясаттағы жаңа бағытын айқындайды.
АҚШ президенті атану үшін үміткерлерге халықтың басым даусына ие болу қажет емес. Азаматтар президент сайлауына дауыс бергенде келесі президенттің кім болатынын тікелей анықтамайды. Бұл елдің президенті бүкілхалықтық дауыс беру нәтижесін ескере отырып шешім шығаратын бірнеше сатылы жүйе арқылы сайланады. 3 қараша күні ел азаматтары сайлауға түсіп жатқан үміткерлерге дауыс берді. Алайда сайлаудың ресми қорытындысын әр штаттан таңдалған 538 таңдаушы дауыс беріп шығарады. Себебі АҚШ-тағы сайлау жүйесі, ережесі электоралды колледж бойынша жүргізіледі. Яғни келесі президенттің кім боларын әр штаттың атынан шығатын өкілдер анықтайды. Сондықтан сайлау нәтижесі халықтың жаппай берген даусына тәуелді болмай жататыны бар. Мәселен, 2016 жылғы сайлауда Хиллари Клинтон үш миллионға жуық артық дауыс жинағанымен, Дональд Трамп 304 таңдаушының даусын жинап жеңіске жеткен-ді. Жалпы, АҚШ президенті атану үшін үміткерге 270 таңдаушының даусы жеткілікті.
Бұл жерде таңдаушылардың кімдер болатынына тоқтала кетейік. Ереже бойынша, әр штаттан сол аймақта өмір сүретін халықтың санына сәйкес өкілдер таңдалады. Мәселен, халық саны Вайомингтен 68 есе үлкен Калифорнияда 55 таңдаушы немесе сайлау алқасының өкілі бар. Ал Вайомингте небәрі 3 өкілдің дауысы қорытынды есепке алынады. Сол өңірдің тұрғындары кімге көбірек дауыс берсе, халық атынан таңдалған өкілдердің барлығының даусы жеңіске жеткен үміткерге есептеледі. «Жеңімпаз барлығына ие болады» деген ұстанымға құрылған. Сол себепті де Трамп пен Байден жеңіске жетуі үшін АҚШ бойынша барлық 538 өкілдің кемінде 270-інің даусын жинауы керек.
Сайлау маусымы басталғанда көптеген штаттардың қай саяси партияны қолдайтыны алдын ала белгілі болады. Кейбір штаттар бұрыннан республикашылар, ал кейбіреуі демократтар жағында. Алайда әрдайым «таңдауын болжау мүмкін емес» аймақтар бар. Бұл жылда өзгеріп отыратын үрдіс. Үміткерлер сайлауалды науқанында осы «ұрыс алаңына» айналатын штаттарға баса мән береді. «Ұрыс алаңы» дейтіні – қос үміткердің тартысы осы аймақтардағы тұрғындардың даусы үшін жүреді. Қызығы да осы. Олардың қай партияны жақтайтыны соңына дейін белгісіз болады. Биылғы сайлау нәтижесі Аризона, Солтүстік Каролина, Пенсильвания, Мичиган, Невада, Висконсин, Флорида, Джорджия, Айова, Огайо, Нью-Гэмпшир және Техас секілді 12 штатқа тікелей байланысты болып отыр.
Сайлаудың ерекше жағдайда өтіп жатқаны осыған дейін де айтылған еді. Биыл бұл процесті бақылауға технологиялық компаниялар да білек сыбана кірісті. Бұған өткен сайлаудағы әлеуметтік желінің айналысында болған дау себеп болып отыр. Twitter, Facebook, Google компаниялары халықты адастыратын жалған ақпарат таратпау үшін қабылдаған шараларын жариялаған еді. Өзге сайлаулармен салыстырғанда биылғы доданың қорытындысы әдеттегіден кешігуі мүмкін. Сол себепті әлеуметтік желілердегі алдын ала тараған қорытынды туралы сүйінші хабарлар арнайы белгімен көрсетіліп тұратын болды. Трамптың Twitter-дегі белсенділігі баршаға мәлім. АҚШ-тың қазіргі президенті бұл ерекше оқиғаға қатысты пікірін дәл осы күні де білдірмей қоймады. Трамптың өзінің жеңіске жететініне сенімділік білдірген постына Twitter «жалған ақпарат» деген белгі таңып қойды. Facebook те алдын ала қорытынды жайлы хабарларға осыған ұқсас белгі қойып отыр. Бұл халықты жаңылыстыратын жаңалықтардан қорғанудың бірден-бір тәсілі ретінде қарастырылуда.
Биылғы сайлау туралы тағы бір оқиға – дауыс беруге қатысқан халықтың рекордтық көрсеткіші болды. АҚШ азаматтары осыған дейінгі сайлауларда мұндай белсенділік танытпаған екен. Жалпы, пандемия себебінен пошта немесе дауыс беру орындарына алдын ала келіп дауыс бергендер саны жылдағыдан көбірек болған. Биыл сайлау күніне дейін дауыс бергендер саны 2016 жылмен салыстырғанда екі есе көп болған. Соңғы ғасырда өткен АҚШ президентінің барлық сайлауында биылғыдай көп дауыс берген жағдай тіркелмеген екен. Бұған себептер де көп. Ең алдымен, пандемия әсерінен азаматтарға дауыс берудің түрлі жолы ұсынылып, олар үшін ыңғайлы жағдайдың жасалуын басты себептерінің бірі деп аталуда. Осылайша, бұл АҚШ-тағы сайлау тарихындағы елеулі оқиғалардың қатарына қосылары сөзсіз.
Одан бөлек жылдағымен салыстырғанда сайлау қорытындысы едәуір кешігуі әбден мүмкін. Бұл бірнеше күнге, заңгерлер араласса тіпті бірнеше аптаға созылып кетуі ғажап емес. Сондай-ақ пошта арқылы дауыс бергендердің қолтаңбасы мен мекенжайы секілді мәліметтерді тексеру ұзақ уақыт алады. Сол себепті де жоғарыда айтқандай осы уақыт аралығында қорытындыны өз ыңғайына қарай бұрмалауды болдырмау үшін әлеуметтік желідегі сайлауға қатысты хабарламалардың барлығы жіті қадағаланып отыр. Ал БАҚ нәтиженің кешігу себептерін де түсіндіріп жазып жатыр. Әзірге дауыс санау процесін бүкіл әлем бір деммен бақылап қана отырған жайы бар.
Жалпы, жаңа президент сайланған күннің өзінде бірден жұмысына кірісіп кетпейді. Егер Трамп жеңіске жетсе, ол екінші президенттік мерзіміне кіріседі, ал Байден АҚШ-тың 46-шы президенті атанады. Барлығы ережеге сай өтсе, президент инаугурациясы келесі жылдың қаңтар айына жоспарланып отыр. Одан бөлек америкалықтар бұл сайлауда вице-президент, конгресс мүшелерін де таңдайды.
Бұл – коронавирус құрсауында қалған АҚШ үшін ең маңызды кезеңдердің бірі екені анық. Аумалы-төкпелі тұста сайланған басшы АҚШ-тың бұл дағдарысты еңсерудегі алдағы әрекетін айқындамақ. Соңғы статистикаға сенсек, жеңіске жету үшін қажет сайлау алқасының 270 дауысы үшін жарыста Байден қазіргі уақытта 224, ал Трамп 213 дауыс жинаған. Алайда бұл көрсеткіш күрт өзгеріп кетуі ғажап емес. Себебі әлі есепке алынатын дауыс көп.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Зейнетақы жинақтары 20% өсті
Ұқсас жаңалықтар
Тоқаев Магдебургтегі терактқа байланысты Германия Президентіне көңіл айтты
- авторМағжан Орынбасар
- 21 желтоқсан, 2024
Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёльге елден шығуға тыйым салынған
- авторМағжан Орынбасар
- 9 желтоқсан, 2024