Қауіпті штамм
Әлемдік ақпарат көздерінде Ұлыбританияда COVID-19-дың бұрынғыдан да қауіпті жаңа штамы пайда болғаны жайлы хабар тарағалы кәрі құрлықтан маза кеткен.
Вирустың жаңа штамы жайындағы ақпарат 14 желтоқсанда шыға бастады. Елдің премьер-министрі Борис Джонсон 20 желтоқсанда Лондонда, Шығыс, Оңтүстік Шығыс және Уэльс аймақтарында локдаун жария етісімен Еуропаның бірқатар мемлекеті Ұлыбританиямен арадағы барыс-келіске шектеу қоя бастады. Атап айтқанда, Германия денсаулық сақтау ісінің басшысы Йенс Шпан Ұлыбританиядан дүйсенбі күні, яғни 21 желтоқсаннан бастап әуе байланысының тоқтайтынын хабарласа, Франция 48 сағатқа Біріккен Корольдіктен жолаушы және жүк тасымалын доғара тұруды шешкен.
Сонымен қатар Нидерланд мемлекеті әуе және теміржол қатынасын жаңа жылдың басына дейін үзетінін мәлімдеп, Италия үкіметі де аралға соңғы екі апта ішінде барған өз азаматтарына елге қайта кіруді кейін шегеру қажеттігін айтып, екі арадағы әуе байланысының тоқтатылатынын хабарлады. Бельгия корольдігі де етек-жеңін қымтап, Ұлыбританиямен ұшақ қатынасын әзірге тоқтататынын мәлімдеген.
Италиядағы денсаулыққа жауап беретін ведомствоның хабарлауынша, жаңа штамның жұғу жылдамдығы бұрынғыдан әлдеқайда жоғары көрінеді. Қауіпті штамға қатысты қадамдарды ЕО-ға мүше елдердің барлығы қабылдап жатыр. Мәселен, Эстония мен Латвия да жылдың соңына дейін Ұлыбританиямен арадағы әуе қатынасын тоқтата тұрмақшы.
Жаңа штамм ЕО құрамынан бас тартқан Ұлыбританияны оқшаулауда кәрі құрлықтағы одақтастар үшін «Құланның қасынуына, мылтық шүріппесінің басылуына» саятындай жақсы бір тетік болғанға ұқсайды.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала
Ең маңызды жекпе-жектер
Ұқсас жаңалықтар
Әлемде
Жасанды интеллект: Қазақстан 50 озық елдің қатарына енді
- авторМағжан Орынбасар
- 7 қараша, 2024