БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш мемлекеттерге төтенше жағдай жариялауды ұсынып отыр. Саясаткердің айтуынша, қазір елдерде климатқа қатысты төтенше жағдай жариялау арқылы жаһандық жылынудан құтқаруға болады.
Бас хатшы бұл мәлімдемесін өткен сенбіде Климат саммитінде баяндады. 2015 жылы қол қойылған Париж келісімінің бесжылдығына арналған жиында планетамыздың бүгінгі күйі, жаһандық жылыну мен оның алдын алу шаралары талқыланды. Бір күндік саммитке 70 елдің көшбасшылары қатысып, пікір айтып, климатты жақсартуға қатысты ұсыныстарын білдірді.
Осыдан бес жыл бұрын Париждегі саммитте жаһандық температура 1,5 градус цельсийге жоғарылағаны мәлім болған-ды. Бас хатшының айтуынша, сол жиыннан кейін бұл жағдайға назар аударылмай, көшбасшылар тарапынан салғырттық танытылған. Сонымен бірге көпшілік бұған жіті назар аудармайынша, жаһандық апаттың жақындай беретіні анық. Өйткені ғалымдар жоғарыда айтылған көрсеткіштің 3 градус цельсийге де жететінін болжап отыр.
«Адамдардың әлі де планетамызға төнген қауіпті жоққа шығаратыны таң қалдырады. Дәл қазір апаттық жағдайдамыз. Сондықтан да бүгін мемлекет басшыларынан төтенше жағдай жариялап, көпшіліктің назарын аударуды сұрап отырмын», деді өз баяндамасында А.Гуттериш.
Оның жоспары бойынша, төтенше жағдай ауадағы карбон деңгейін түсіруі керек. Яғни зиянды газдардың бөліну деңгейін төмендету арқылы карбон көрсеткішін азайтамыз деген сенім бар. Бұған әсіресе G20 қатарындағы елдерді жауапты деп санайтынын да жасырмады. Өйткені бұл елдерде карбонның ауаға бөліну үлесі тым жоғары.
«Біз бұл жағдайды шешуге ұмтылуымыз керек. Келер ұрпаққа планетамызды осындай халде табыстай алмаймыз. Бұл саяси тұрғыдан да қате», деді Антониу Гутерриш карбон деңгейін түсіруді ұлт жоспарына әуелден қосып қойған мемлекет басшыларына.
Осы орайда БҰҰ Бас хатшысы барлық елдің 2050 жылға дейін улы газдардың бөлінуін азайтуға қатысты жоспарды енгізу қажеттілігін ескертті. «Барлық ел, қала, ұйым, бірлестік пен компаниялар планетамызға кесірін келтіретін ешқандай әрекетке бармауы керек. Барлығы алдымен осыны ескеретін қысқа мерзімді жоспар ұсынсын», деді ол.
Осы орайда ешқандай құрылымға түсіністік танытылмайтынын ескертті. Осылайша, авиация, теңіз қатынасы сияқты улы газ бөліну бойынша көшбасшы салалар да жаңа жоспар мен бұл тапсырманы қарастырған жаңа карта ұсынуға міндеттелді. «Бұл жоспар жаңа кәсіп, мықты денсаулық, саламатты инфрақұрылымға негіз болмақ», деп түйіндеді сөзін БҰҰ Бас хатшысы.
Аталған саммитті БҰҰ, Британия, Франция, Чили мен Италия бірлесіп ұйымдастырды. Қытай басшысы Си Цзиньпинь да шақыртылған қонақтар қатарынан табылды. «Қазіргі унилатерализм ортақ тағдыр тұрғанда жақсылыққа алып келмейді. Мультилатерализмге бастау, серіктестікке басымдық беру мен бірлік қана адамзатты құтқарып, планетамызды сақтауға көмектеседі», деп қысқа қайырды Си Цзиньпинь.
Оның айтуынша, Қытай карбон диоксидінің бөлінуін 2030 жылға қарай 65 пайызға дейін азайтпақ. Алайда бұл жиында бұған дейінгілерге қарағанда ешқандай ортақ шешім мен жоспар келісілмеді. Мемлекет басшылары осыған қатысты ойымен бөлісті. Жиыннан кейін Британия бұдан былай улы газ бөлінуі ықтимал жобаларды қолдамайтынын мәлімдеді. Үкімет ендігі кезекте жобаның пайдасымен қоса климатқа зиян болмауы да ескерілетінін хабарлады.
Сонымен бірге Британия ғалымдары карбон бөлінуін азайтудың 2050 жылға арналған жоспарын таныстырды. Жоспар тек болжамдар емес, аналитика мен нақты ғылыми пайыммен дайындалған. Оған қоса олар ұсынып отырған жоспар қаржылық жағынан да тиімді. «Бұл жоспар әлемді таза сақтап қалу арзан екенін көрсетеді», дейді олар. Ғалымдар бұл арқылы жасыл экономикаға өту бәрі ойлағандай қымбат емесін көрсетпек болған. Жаңа жоспарда пандемия салдары да ескерілген.
Осы орайда айтып өтетін жайт, күні кеше өткен Реформалар кеңесі отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та экономикалық реформалар ең алдымен адамның өмір сапасын арттырып, экологияға қауіпсіз болуы керегін баса айтты.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
«Д» дәрумені тапшы болса...
Ұқсас жаңалықтар
Жасанды интеллект: Қазақстан 50 озық елдің қатарына енді
- авторМағжан Орынбасар
- 7 қараша, 2024