сенбі, 23 қараша, 2024 6:00

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Д» дәрумені тапшы болса...

«Д» дәрумені тапшы болса...
ашық дереккөзі
«Д» дәрумені тапшы болса...

Адам баласы – бір-бірімен қым-қуыт байланысып жатқан мына тұтас дүниенің бір ғана бөлшегі. Сондықтан осы тізбекті байланыстардың бір жеріне зақым келсе, жүрісінен жаңылса, я үзілсе, адам ағзасы да оның әсерінен дағдарып, ауырып қалып жатады. Сондай қажеттіліктің бірі – қалыпты тіршілік етудегі аса маңызды рөлге ие дәрумендер тобы. Олардың әрқайсысы өзіне тән жұмысын атқарады, ал солардың ішіндегі «күн дәрумені» аталатын «Д» дәруменінің қызметі ерекше.

«Д» дәруменінің бұлайша аталуының себебі – оның адам терісінде күннің ультракүлгін сәулелерінің әсерінен түзілетінінде. Әрине, күнделікті ішетін тағамдардан да бұл дәрумен алынады, бірақ ол көбіне жеткілікті болмай жатады. Ол балық майында, бауырында, уылдырығында, жұмыртқаның сарысында, жануарлардың бауырында, сүт өнімдерінде мол. Әсіресе өзен, көл балығына қарағанда, «Д» дәрумені те­ңіз балығында көп. Ал дәстүрлі қазақ дастарқанында теңіз өнімдерінің азды­ғын еске алсақ, дәруменнің біз үшін негізгі алынатын көзі күн екені айқын. Алайда еліміздің барлық аймағы бірдей шуақты емес, алты ай қысы, салқын күзі мен көктемі бар сахара тұрғындарында «Д»-ның жетіспеушілігі айқын сезіліп жатады.

Ағзаға дәрумен тигізетін әсер мол, алайда ең бастысы кальций мен фос­фор­дың ішектен бөлінуін жылдамдатып, сүйек ұлпасының мықтылығына әсер ететінін айтқан жөн. «Д» жетіспеушілігі балаларды мешелдікке әкелсе, ересектерге де тигізетін салқыны мол. Дәруменнің ұзақ уақыт бойы ағзада жеткіліксіз болуы рак, жүрек-қан тамырлары ауруларын тудырып, сонымен қатар остеопороз сынды түрлі сүйек сырқаттарын, Альцгеймер, шашыраңқы склероз сынды ауыр кеселдер тудыратыны анықталған. Әсіресе кішкентай бөбектердің мешелге шалдығуы баланың қаңқасын дұрыс қалыптастырмайды. Аяқ сүйектері дене салмағының әсерінен майысады, сүйек баяу дамиды, ұйқысы қашады. Жұқпалы аурулармен көп ауырады.

Елордадағы Ұлттық Ана мен бала орта­лығы эндокринологтерінің бұл орай­­да айта­т­ындары көп. Баланың өсіп қа­­лыптасуы барысында дәрумен­ же­ті­с­­пеуші­лігінің­ ­дер ­кезінде­ олқылығының орнын тол­тырмаса, ­­ауыр зардабы болады. Дәрігер эндокри­но­лог Анна Гречко: «Егер медицина тілімен айтсақ, адамдағы 25 гидрокси-холекальциферолдың мөлшерін білу өте маңызды. Бір жақсысы, елімізде оны анықтау онша көп қиындық тудырмайды. Ақылы қызмет көрсете алатын зертханалардың барлығы талдама жасайды. Негізі бізде қыстың ұзақтығына қоса терідегі пигменттердің көптігі де дәруменнің тапшылығына әкеледі. Табиғатында ақ теріден гөрі қоңырлау, пигменті көп терінің күн сәулесінен дәрумен синтездеуі төмен келеді. Сол себептен біздің тұрғындар үшін дәрумен дегеннен де гормон деуге келетін 25 гидрокси-холекальциферолдың мөл­ше­рін біліп отырғаны жөн. Өйткені ағзадағы метоболизм үдерісінде ол атқа­ра­тын қызмет өте зор. Сондықтан біз қазір жыл мезгіліне қарамастан үздіксіз бұл дәруменді балаларға беріп отыру жайында кеңес береміз. Өйткені бұрын балалар күзден бастап, жаз шыққанға дейін «Д» дәруменін ішетін, алайда ол – жаңсақтық. Біздің табиғатқа байланысты 9 ай қалың киінуіміз, бұлтты күндердің көптігі, оның үстіне жазда да діни сенім бойынша жабық көйлекпен жүру тәрізді жағдайлар күн сәулесінің өтуін тежейді. Мұның барлығы ағзада дәрумен жетіспеушілігін тудырады», деген ойын айтты.

Мамандармен әңгіме барысында аңдағанымыз, біздің бөбектер бұл дәру­мен­ді туғаннан бастап күнделікті алып отыруы тиіс екен. Алғашқы айларда бір тамшыдан, ал кейін екі тамшы, одан соң үш, ал балалардың неғұрлым тезірек өсіп қалыптасатын жасөспірім шағында төрт тамшыдан ағзаға жетіп отырғаны жөн көрінеді. Ата-ана баланың бойындағы өзгерістерді күтпей, бөбек тершеңденіп, басын жастыққа үйкелеп мазасызданып жылап, ұйқысы қашса, бұлшық еттері босап, бас сүйегі жұмсарып, еңбегі үлкейе бастаса, алаңдауы тиіс. Мұндай балалар мезгілінде аяғына тұ­рып жүріп те кете алмайды. Көбіне екі қолымен жер тіреп отыратындықтан, қол жіліктері қисаяды. Жүре бастаған кезде аяқтары да қисайып кетеді. Қабырғалары жұмсарып, олардың шеміршектері жуандап, кеудесінде бұдыр-бұдыр болып білінеді. Ал ауру асқынған кезде төс сүйегі алға бүкірленіп шығып тұрады немесе керісінше ішке қарай майысады. Басы үлкейіп, шүйде шашы сыпырылып, іші «қабақтай» болып, омыртқа жотасы бүкірейіп, екі иығынан дем алып, тыныс алуы қиындап кететін көрінеді.

Әдетте дәрумен тапшылығы – гиповитаминозды медицинада «жасырын аштық» деп атайды. Ал «Д» дәруменінің жетіспеушілігін жасырын аштықтың көкесі десе сыятындай. Жер жүзінде оның жеткіліксіздігіне ұшырағандардың саны да ауқымды, 50-60 кейде 70 па­­йыз деп те көрсетіліп жүр. Дәруменнің тапшылығы көп жағдайда адамның өзіне байқалмайды. Оның бұлшық еті әлсіреп ұстамай қалып, бұлшықет, жамбас, бел, аяқ сүйектерінің ауыруы мазалайды, ал түптеп келгенде оның мәнісі – осы дәру­меннің тиісті мөлшерінің ағзадағы аздығы.

Жоғарыда айтылғандай, дәруменнің не­­гізгі көзі күн сәулесі болғандықтан, оның жетіспеушілігі далаға шығуы сирек егде тартқан кісілерде, күндізгі уа­қыт­тың көп бөлігін кеңседе өткізетін қыз­­мет­керлерде және түнгі ауысымда жұ­мыс істеп күндіз ұйықтайтын адам­да­рда көбірек болады екен. Сон­­дық­тан өзі­ңізді сол санаттардан көрсеңіз, қаны­ңызды тапсырып 25 гидрокси-холе­каль­циферолдың мөлшерін білге­ніңіз артық етпейді.

Дәрігерлер иммундық жүйенің қа­лыпты жұмыс істей алуы үшін «Д» дәру­менінің маңызына жіті мән беретінін айтады. «Д» дәрумені жеткіліксіз болғанда иммундық жасушалар қандай бір қауіпке қарсы қажетті жауап қайтара алмай қала­ды, дәрумен тапшылығы ағзамызды ин­фекцияларға төзімсіз етеді», дейді А.Гречко.

Қазір кім-кімді де коронавирус індеті толғандырады. Ұлыбританиялық ғалым-дәрігерлер Гарет Дэвис, Джоанна Байерс және Аттила Гарами COVID-19-дың ауыр түрімен ауырғандардың қатарында осы дәрумен жетіспеушілігі көптігін мысалға келтірсе, Кантабри университетінің профессоры Хосе Эрнандес (Испания): «Біздің зерттеулеріміз созылмалы сыр­қат­тары бар және жасы келген адамдар үшін «Д» дәруменінің жетімсіздігін толықтырып отыру маңыздылығын көрсетті. Сол себептен құрамында осы дәрумен бар биологиялық белсенді та­ғам­дық қосымшаларды коронавирусқа шалдыққан пациенттерге беру қажет. Бұл олардың бұлшықеттері мен сүйектеріне, жалпы иммундық жүйесінің қалыбына оң әсерін тигізетіні анық», деп жазады.

Ал Ресей денсаулық сақтау минис­трлі­гінің В.Алмазов атындағы Ұлттық медициналық зерттеу орталығының бас директоры, академик Евгений Шляхто «Біз бұрын «Д» дәруменін ағзада фосфор мен кальцийді реттеп, мешел, остеопороз тәрізді аурулардың алдын ала­тын гормон есебіне жатқыздық. Одан оның жүрек- қан тамырлары ауруларымен байланысын анықтадық. Енді оның иммундық жүйемен, ағзаның қорғаныштық қызметімен байланысына көз жеткіздік. Ол иммундық жүйенің моду­ляторы ретінде Т-жасушалық имму­нитетті оятатын белсенділігін көр­дік. Сондықтан COVID-19 кезінде бұл дәрумен жұмысы маңызды», деген ойын айтады.

Көріп отырғанымыздай, ағзамыз үшін «Д» дәрумені қажет-ақ. Оның тіпті мидағы серотонинді қалыпты деңгейде ұстап тұруда атқаратын қызметі зор. Сондықтан ғалымдар бойымыздағы дәруменді бақылауда ұстауымызға кеңес береді.

egemen.kz

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар