Өзбекстан Каримованың активтерінен тағы 95 млн доллар қайтарды
- авторБақытжан Бекболат
- 24 сәуір, 2025
- 305

Өзбекстан Швейцарияда бұғатталған Гүлнара Каримоваға тиесілі активтерді қайтарудың алғашқы траншы аясында тағы 95 миллион доллар алды, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұған дейін осы транштан ел 87 миллион доллар алған болатын. Жалпы сома 131 миллион долларды құрайды, бұл қаржы кезең-кезеңімен қайтарылып жатыр. Алынған қаражаттың әрқайсысы 43,5 миллион доллардан денсаулық сақтау мен білім беру салаларына бөлінген.
Бұл қаражат БҰҰ қамқорлығымен құрылған Uzbekistan Vision 2030 көпжақты сенім қоры арқылы қайтарылуда.
"Гүлнара Каримова ұрлаған бұл қаражат – өзбек халқының ақшасы. Сондықтан ол ең алдымен халықтың игілігіне – денсаулық сақтау мен білім беру салаларына жұмсалады", – деді БҰҰ-ның Өзбекстандағы тұрақты өкілі Сабина Махл.
Швейцариядан қайтарылуға жататын жалпы сома – 313 миллион доллар. Ақпан айында 182 миллион долларды құрайтын екінші транш бойынша келісім жасалды. Сонымен қатар, Өзбекстан Бельгияда бұғатталған тағы 108 миллион долларды қайтару жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр.
2020 жылы Каримоваға жемқорлық, бопсалау және қаржы жымқыру істері бойынша 13 жыл 4 ай бас бостандығынан айыру жазасы кесілген болатын.