Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленіс: Пахалгам шабуылы геосаясатқа қалай әсер етеді?
- авторАрайлы Жақсылық
- 24 сәуір, 2025
- 224

Пахалгамда болған қарулы шабуылда 28 адам қаза тауып, 20-дан астамы жараланды,- деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Құрбандардың басым бөлігі үнділік туристер мен жергілікті тұрғындар. Жауапкершілікті «The Resistance Front» (TRF) атты топ өз мойнына алды. Бұл топ бұрыннан Пәкістанда орналасқан радикалды ұйымдармен байланыста екені айтылады. Олар бұл әрекетті Үнді үкіметінің Кашмирдегі демографиялық саясатына жауап ретінде жасағанын мәлімдеді.
Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди бұл шабуылды «жабайы террорлық әрекет» деп атап, лаңкестерді жазалауға уәде берді. Үндістан Пәкістанға қарсы пәкістандық дипломаттарды елден шығару және өз елшілерін кері шақыру, Пәкістан азаматтарына визалар беруді тоқтату, 1960 жылы жасалған Инду өзені туралы су бөлісу келісімін біржақты тоқтату сынды шараларды қабылдады.
Пәкістан Үндістанның айыптауларын жоққа шығарып, шабуылға ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, жауап ретінде үнділік әуе компанияларына өз әуе кеңістігін жауып, екіжақты сауда қатынастарын тоқтатты. Сонымен қатар су келісімінің бұзылуын соғыс қимылына теңеді.
АҚШ, Қытай, Ұлыбритания және БҰҰ шабуылды айыптап, екі тарапты сабырлыққа шақырды. Алайда, халықаралық қауымдастықтың бұл үндеулеріне қарамастан, Үндістан мен Пәкістан арасындағы жағдай ушыға түсті.
Кашмирдегі шиеленіс ядролық держава саналатын екі мемлекет арасындағы қатынастардың кезекті рет терең дағдарысқа ұшырағанын көрсетті. Әсіресе, Инду өзеніне қатысты келісімнің бұзылуы Пәкістан үшін су тапшылығына алып келуі мүмкін, бұл елдің ауыл шаруашылығы мен энергетика секторына кері әсер етеді.