сенбі, 10 мамыр, 2025 19:26

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбылда «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылу барысы талқыланды

Жамбылда «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылу барысы талқыланды
Фото: Jambylinfo.kz
Бүгін «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы «Өңірлік даму» және «Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық секторды дамыту» жөніндегі аймақтық кеңестердің бірлескен отырысы өтті.

Кеңес отырысы партияның облыстық филиалының мәжіліс залында ұйымдастырылып, оған кеңес мүшелерімен қатар, облыс әкімдігі мен бірқатар қаржы ұйымдарының өкілдері де қатысты, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Кеңеске қатысушыларды «Өңірлік даму» жөніндегі аймақтық кеңестің төрағасы Фарида Жүнісова қарсы алып, күн тәртібіндегі негізгі мәселе – «Ауыл аманаты» жобасының өңірде жүзеге асырылуы екенін атап өтті. Отырыста 24 кеңес мүшесінің 17-сі қатысқаны, ал қалған 7 мүше түрлі себептермен келе алмағаны айтылды. Сонымен қатар, жиынға ZOOM платформасы арқылы аумақтық филиалдардың төрағалары мен аудан әкімдіктерінің өкілдері де қосылды.

Жобаның Меркі ауданындағы жүзеге асырылуына байланысты жүргізілген зерделеу жұмыстары бойынша баяндама жасаған кеңес төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Керімқұл Бегалиев жобаның тиімділігімен қатар бірқатар кемшіліктер де бар екенін мәлімдеді. 

 

- Меркі ауданында «Ауыл аманаты» жобасына 7 ауылдық округ қатысып, 1054 аула ниет білдірді. 3750 аула ішінен бұл – 28%. Сұрат, Ақермен, Ақарал, Жаңатоған сынды ауылдарда жеңілдетілген несие, жер мен техника алу, мал шаруашылығы мен шағын кәсіптер қолдау тапты. Мал шаруашылығына 3 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалып, 30 мыңнан аса мал басы алынған. Жер пайдалану бағыты бойынша 49 млн теңге игерілді. 32-ден астам техника сатып алынып, бірнеше кооператив құрылды. Шағын кәсіпке 2024 жылдың соңына дейін 1,6 млрд теңгенің 189 жобасы ұсынылды, 49-ы қаржыландырылды. Наубайхана, тігін цехы, жылыжай, шлакаблок, ТЖО, сүт цехы секілді жобалар іске асты, - деді Керімқұл Мамырұлы.

 

Оның сөзін Меркі ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Арғымбаев жалғастырып, нақты мысалдар келтірді.

 

- «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап қазіргі уақытқа дейін 6,6 млрд. теңге сомасына 724 жоба қабылданып, оның 3,2 млрд. теңге сомасына 422 жоба қаржыландырылды. Бұл қаржыландыру негізінен ауыл тұрғындарының өз кәсібін ашуға бағытталған. Жылыжай құрылысы бойынша 205,5 млн. теңге сомасына 28 жоба қаржыландырылып, мал шаруашылығынан басқа кәсіптерге басымдық берілді. Жалпы 3 млрд. теңге сомасына 394 жоба іске асырылуда. Ауыл шаруашылығы мен басқа да кәсіпкерлік салалар үшін 50-ден астам үлгілік жобалар тізбесі жасалды (тігін цехы, сұлулық салоны, наубайхана, сүт цехы, бала-бақша ашу және басқа да шағын кәсіптер). 2024 жылы 10,5 млрд. теңге көлемінде, ал 2025 жылдың мамыр айына дейін 5 млрд. теңге сомасындағы несие қаражаттары республикалық деңгейде әлі күнге дейін түскен жоқ, - деді Қайрат Арғымбаев.

 

Ал, жобаны өңірде жүзеге асырып отырған сенімді агент – «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарушы директоры Еркін Жылысбек жиналғандарға «Ауыл аманаты» жобасының негізгі бағыттары мен нәтижелері туралы ақпарат беріп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. 

 

-2019-2023 жылдары облыста 42,2 млрд. теңгеге 8028 жоба қаржыландырылып, соның ішінде 37 млрд. теңге мал сатып алуға бағытталған. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы техникалары лизингке беріліп, кәсіпкерлік бастамаларға қолдау көрсетілген. 2025 жылға жобаны жалғастыру үшін 5 млрд. теңге бөлу жоспарланған. Осы қаржы есебінен 700-ден астам жобаны қаржыландыру көзделуде. Жобаларды сапалы іске асыру үшін барлық аудандарда жұмысшы топтар құрылып, 153 ауылдық округте скрининг жүргізілген. Сонымен бірге, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікке арналған 50-ден астам үлгілік жобалар дайындалып, тұрғындарға ұсынылған. Облыста 4 кіші өндірістік аймақ құру жоспарлануда. Қазірдің өзінде бірқатар жобалар жүзеге асырылып, 6,7 млрд. теңгеге 877 өтініш мақұлданған. Ал тауарлы несиелендіру шеңберінде 18 шаруа қожалығымен келісім жасалып, ауыл тұрғындарына 71 аналық ірі қара мен 686 ұсақ мал берілген, – деді Еркін Жылысбек.

 

Кеңесте сөз алған облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Төлебек Құлекеев те «Ауыл аманаты» жобасының өңірлік көрсеткіштерге әсерін саралап өтті.

Кеңес соңында сөз алған Фарида Жүнісова «Ауыл аманаты» жобасының өңірлік дамуға қосар үлесі зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама партияның 2023–2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасының маңызды бағыты ретінде белгіленген.

2024 жылы республикалық бюджеттен қаржы бөлінбеуіне байланысты жобаға қатысты бірқатар көрсеткіштерге қол жеткізілмеген. Алайда 2025 жылдың бірінші тоқсанында осы бағытқа 5 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл қаражат 740-қа жуық жобаны қаржыландыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жыл соңына дейін жобаның толық ауқымда орындалуы үшін қосымша 15 миллиард теңге қажет болатыны айтылды. Осыған орай, өңірлік кеңес тарапынан Парламент депутаттарына қаржылық қолдау мәселесін шешу үшін арнайы хаттар жолданған.

Кеңес жұмысы барысында қатысушылар жобаның жетістіктері мен кемшіліктерін талқылап, алдағы уақытта оны жетілдіру жолдарын қарастырды. Жиын соңында бірлескен отырыс өз жұмысын қорытындылап, алдағы міндеттер белгіленді.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар