сенбі, 23 қараша, 2024 5:40

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жаһанды жүрісінен жаңылдырған тажал

Жаһанды жүрісінен жаңылдырған тажал
ашық дереккөзі
Жаһанды жүрісінен жаңылдырған тажал
Пандемия салдарынан Оңтүстік Ко­реяның «Kia Motors» зауыты екі кон­вейерінің жұмысын уақытша тоқ­тат­ты. Сеулдің оңтүстігінде орналасқан Кванмен қаласындағы зауытта 8 жұмысшы вирус жұқтырған. Осыған байланысты «Kia Motors» жұмысты уақытша тоқтата тұруға шешім қабылдапты. Осылайша 6 мың адам еңбек ететін 2 құрастыру конвейеріндегі барлық жұмысшы үйіне қайтарылды. Зарарсыздандыруды бастаған компания басшылығы жұмыстың қайта жандануы карантинді белгілейтін органдармен кеңесіп барып шешілетінін жеткізген. Онсыз да пандемия қырсығынан соңғы 11 жылдың ішінде ең аз көлік шығарып, қолайсыздық сезінген «Kia Motors» үшін бұл жайттың оңайға соқпайтыны түсінікті.
Соңғы тәулікте Оңтүстік Кореяда 153 адам жаңадан вирус жұқтырып, оның 145-і ел ішінде, ал қалғаны сырттан, шетелден жұқтырған сырқат екені анықталған. * * * Канаданың денсаулық сақтау ми­нис­тр­лігі соңғы 24 сағатта ауру жұқ­тыр­ғандар саны 944 адамға көбейгені туралы хабарлады. Канада провинциялары арасында Квебек тұрғындары көбірек зардап шегіп жатыр. 65 857 квебектік КВИ кеселінің не екенін айқын түсініп, аурумен күрессе, 45 383 онтариолық, 16 128 альбер­талық тұрғын COVID-19-дың ілме­гіне ілініпті. Жалпы, ел көлемінде осы күнге дейін 139 мың адам ауырып, 9193 канадалық көз жұмған көрінеді. * * * Ирландияның астанасы Дублинде COVID-19 індетіне байланысты жа­ңа­дан шектеу шаралары қабыл­дан­ды. Ел үкіметінің мұндай шараға баруына ирландықтар арасында КВИ-дің кеңінен таралуы себеп болды. Енді Дублин тұрғындарына бір жерде 6 адамнан артық жиналуға рұқсат жоқ. Пабтар мен барлар қыркүйектің 21-не дейін жабылып, астаналықтардың қала аумағынан шығуы шектелді. Бұған қоса жоғары оқу орындарында санитарлық нормалар қатал қадағаланып, әлеуметтік қашықтықты ұстауға кеңес берілген. Ирландияда бұған дейін министр­лер­дің бірі КВИ жұқтырды деген күдікпен Үкі­метті де карантинге жапқан еді. Бірақ министр тапсырған тестте ауру анық­талмай, шектеу алынып тасталған. Енді карантин шаралары тұтас Дублинді қам­тыды. * * * 2021 жылды қортындылағанда әлем­дік экономикадағы ІЖӨ 7 трлн дол­лар жоғалтуы мүмкін. Бұл туралы Les Echos газеті жазды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының болжамы бойынша COVID-19 адамзатты осындай орасан қаражаттан айыруы мүмкін көрінеді. Ұйымның бас экономисі Лоранс Бун мұның әлемдік экономика үшін ауыр салмақ екенін айта келе, алдағы жылы экономиканың жылдамырақ қалпына түсуі жайындағы жорамалдардың тура бола бермейтінін және дүние жүзінің әлі де коронавируспен біраз алысатынына қынжылды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының бұрынғы есептеріндегі болжауда 2020 жылғы ІЖӨ-нің төмендеуі 4,5 пайыз шамасында болады деген-ді. Ал жаңа жорамал оның 6 пайызды құрайтынын көрсетіп отыр. * * * Бразилия басындағы бұлттың жа­қын арада ыдырар түрі көрін­бей­ді. Елдің денсаулық сақтау минис­тр­­лігі 4 млн 419 мыңнан астам адам­ның дертті болғанын хабарлады. Бір тәулік ішінде 36 820 брази­лия­лық COVID-19 жұқтырып, 987 пациент ажал құшқан. Бразилия мемлекеті өзінің 134 106 азаматынан айрылып, жер шары бойынша пандемия билік жүр­гізген алғашқы үштіктегі орнын өзге­ге берер емес. «Жығылған үстіне жұдырық» дегендей елдегі өзгеше экожүйесімен, био­ал­уан­­дығымен ерекшеленетін Пан­таналу қорығындағы орманға да қа­уіп төніп отыр. Бой берместен алаулап жанған өрт Пантаналу желегін жоятын болса, Бразилия мен Латын Америкасының ғана емес, әлемдік климаттың өзгеруі мүмкін дейді мамандар. * * * Роберт Кох атындағы институттың мәліметіне қарағанда Германияда бір күнде тағы 2 мыңнан астам адамнан ви­рус табылған. Дәлірек айтар болсақ, 2194 азаматтан COVID-19 анықталып, жалпы алғанда 265 857 адам вирус жұқтырған. 17 қыркүйектегі институт хабарламасында 24 сағаттың ішінде 3 пациенттің тынысы тоқтап, ел көлемінде пандемия басталғалы 9371 адамның құрбан болғаны жария етілген. Федералды жерлерден құралған мемлекетте індет басталғалы ауру тіркелуі жөнінен Бавария (63 632), Солтүстік Рейн – Вестфалия (63 565) және Баден-Вюртемберг сынды аймақтар (46 041) алдыңғы орындарда келеді. Үкімет сақтық шараларын күшейтіп, халық көп жиналатын дәстүрлі мереке, карнавалдарға тыйым салғанның өзінде Германия халқы вирус салмағын әлі де сезініп отыр.
egemen.kz
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар