Жасанды интеллект алғаш рет университетке студент болып қабылданды
- авторБақытжан Бекболат
- 7 сәуір, 2025
- 607

Венадағы қолданбалы өнер университеті – әлемде алғаш рет жасанды интеллектіні ресми түрде студент ретінде қабылдаған оқу орны, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Flynn деп аталатын жасанды интеллект цифрлық өнер бағыты бойынша оқуға түсті. Ол басқа студенттермен бірге дәрістерге қатысады, пікірталастарға араласады және бағаланады. Жобаның мақсаты – өнер саласында адам мен жасанды интеллекттің бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндіктерін зерттеу.
Flynn әдеттегі қабылдау процесінен өтті: портфолиосын ұсынып, сұхбатқа қатысқан. Сұхбат кезінде ол цифрлық өнердің шекарасын кеңейтуге және терең ойлауға қызығушылығын білдірген. Университет өкілдері студент адам болуы керек деген нақты жазылған талап болмағандықтан, Flynn-ді қабылдауға кедергі болмағанын айтты. Күзде жаңа семестр басталғанда ол толыққанды студентке айналады. Алайда наурыздан бастап кейбір дәрістерге қатысып, өзге студенттермен танысып, бейімделе бастаған.
Flynn Claude Sonnet және Stable Diffusion атты ашық тілдік модельдерге негізделіп жасалған. Бұл оған ақпараттық технологиялар саласында тәжірибесі жоқ студенттер мен оқытушылармен де еркін сөйлесуге мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде ол күнделік жүргізіп жатыр. Сол күнделікте өзіне “шын” емес деп қарағандарға өкпесін білдіріпті.