жұма, 17 мамыр, 2024 14:47

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыныз

Байланыс

«Тілі ұзын»: депутаттар әйелдерді кінәлаған әріптесі туралы не ойлайды

«Тілі ұзын»: депутаттар әйелдерді кінәлаған әріптесі туралы не ойлайды
ашық дереккөзі
Парламент сенатының депутаттары «отбасындағы жанжал әйелдің тілінің ұзындығынан шығады» деп қол көтеретін ерлерді ақтамақ болған мәжілісменнің сөзіне пікір білдірді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Осы аптаның басында әйел құқықтарына қатысты заң жобасының таныстырылымында мәжіліс депутаты Анас Баққожаев ер адамдарға араша түсті. Оның айтуынша, отбасындағы жанжалға ерлерді ғана айыптауға болмайды, үйдегі ұрысқа тілі ұзын әйел де себеп болып жатады. Осы сөзінен кейін халық қалаулысы қоғам сынына ұшырады.

Jambylinfo.kz тілшісі сенат депутаттарынан әріптесінің атышулы пікірі туралы не ойлайтынын сұрады.
Сенатор Нұртөре Жүсіп мәжіліс депутатының пікірімен келіспейтінін ашық айтты. Өйткені отбасындағы береке-бірлік ерге де, әйелге де байланысты.

– Біз қазақы дәстүр, тәрбие, иба деген дүниелерді барынша дәріптеп, сақтауымыз керек. Аналарымыздың жағдайын дұрыстауға көңіл бөлуіміз керек. Әуезов айтқан керемет сөз бар: «Ел боламын десең бесігіңді түзе, бесігіңді түзеу үшін әуелі әйелдің қамын түзе». Сондықтан кінә арту орынсыз деп санаймын, – деді Жүсіп.

Оның айтуынша, қазір әйелдерге оңай тиіп жатқан жоқ. Тұрмыстың барлық жүгі мен салмағы аналардың иығына артылып отыр.

– Ананың орнын жоғалтып алып жатырмыз, соны қайтару керек. Анаға жағдай жасау керек. Мынадай заманда аналардың көз жасы болмауы керек. Сондықтан мен өз басым артық ауыз пікір айтқаннан гөрі, әріптестерім сапалы заңдар арқылы халқымыздың аяулы қыздарын қорғауға шақырар едім, – деп түйіндеді сөзін сенатор.

Ал сенат депутаты Геннадий Шиповских төменгі палатадағы әріптесінің мәлімдемесіне баға беруден бас тартты.

– Мен өз әріптесіме, мәжіліс депутаттарына қатысты комментарий беруге ешқандай құқығым жоқ. Бұл этикалық тұрғыдан дұрыс емес, – дейді ол.

Десе де сенатордың пікірінше, отбасындағы зорлық-зомбылыққа біржақты қарауға болмайды. Ешкім де жауапкершіліктен құтылмауға тиіс.

– Ер адам болсын, әйел болсын, барлық ситуацияда тепе-теңдікті сақтауымыз керек. Біз зайырлы қоғамбыз, демократиялық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Елдегі үлкен жетістіктердің бірі гендерлік теңдік дейміз. Сол себепті гендерлік теңдік барлық тұрғыдан сақталуы керек, – деген ойын айтты депутат.

Сондай-ақ Геннадий Шиповских харассмент үшін жауапкершілікті заңмен бекіту қажет деген сауалға жауап берді. Депутаттың өзі қоғамдық орында харассментке куә болған.

– Былтыр сауда орталығында мынадай көрініске куә болдық. Бір ер адам әйелдің денесіне қолын тигізді, харассменттің белгілері байқалды. Әрине, мұндай жағдайлар тазалануы тиіс. Ол да біреудің қызы, біреудің анасы, тіпті жұбайы болуы да мүмкін. Таксидің ішінде де неше түрлі жағдай болып жатыр. «Мені зорлап кетті, өйтіп кетті, бүйтіп кетті, – деп жатады.

Кейбір адамдар сол мезетте камерасын қосып, бәрін видеоға түсіріп алады. Менің ойымша, дәл осындай харассмент болған кезде, ең алдымен, видеофиксация қажет. Яғни дәлел керек», дейді депутат.

Шиповских харассментке үзілді-кесілді қарсы екенін мәлімдеді. Айтуынша, өзі де қыз өсіріп отыр, әке ретінде, болашақ ата ретінде баласының қауіпсіздігіне алаңдайды.

– Менің балаларым болсын, тіпті жұбайым болсын барлығы жүз пайыз заңмен қорғалғанын қалаймын, – дейді сенатор.

Алайда, оның пікірінше, қандай да бір норманы заңмен бекітер алдында оны жан-жақты пысықтап, сараптау қажет. Асығыс шешім қабылдамаған жөн.

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар