Жаңа оқу жылы қарсаңында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Шымкент қаласындағы бірқатар білім беру ұйымдарына барып, саладағы өзекті мәселелерді талқылады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Министрдің назарында балалардың қауіпсіздігі, мектептерді кадрлармен қамтамасыз ету, заманауи инфрақұрылымды дамыту және тамақтану жүйесін ұйымдастыру тұрды.
Бүгінде қала мектептерінің барлығы бейнебақылау жүйелерімен жабдықталып, ІІМ Жедел басқару орталықтарына қосылған. Сонымен қатар бейнежазбалар әкімдіктің Ахуалдық орталығына тікелей таралады. Бұл тәсіл мектептердегі ахуалды нақты уақыт режимінде бақылауға және кез келген төтенше жағдайға дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік бермек.
Шымкентте Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында 12 жаңа мектеп салынды. Министр 2030 оқушыға арналған №144 жаңа мектепте болып, инфрақұрылыммен танысты. Оның айтуынша, жаңа оқу орындары тығыз орналасқан шағын аудандардағы жүктемені азайтып, әр балаға жайлы жағдай жасауға ықпал етпек. Қала әкімінің сөзінше, бүгінде Шымкентте үшауысымды оқыту мәселесі толықтай шешілген.
Қаладағы білім беру ұйымдарын жаңғырту «Реновация» бағдарламасы аясында жалғасуда. Бұл бағытта 11 мектепке жөндеу жүргізілуде. Соның бірі – Сайрам тұрғын алабындағы №109 мектеп, онда күрделі жөндеу аяқталып, оқу орны заманауи әрі қауіпсіз стандарттарға сай қайта жасақталды.
Ғани Бейсембаев педагогтермен кездесуде мектеп тек оқушылар үшін ғана емес, мұғалімдер үшін де кәсіби өсу алаңы болуы керектігін атап өтті. Министрдің айтуынша, мемлекет ұстаздарды қолдау мен олардың кәсіби дамуына қажетті барлық жағдайды жасап отыр.
Сапар барысында инклюзивті білім беру мәселесіне де баса мән берілген. Сайрам көмекші мектеп-интернаты-колледжінде министр ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға жасалған жағдайларды көрді. Бүгінде Шымкенттегі балабақшалардың 96%-ы, мектептердің 95%-ы инклюзивті білім берумен қамтылған. Ұлттық деңгейде «Ерекше білімді қажет ететін балаларды кешенді қолдау туралы» заң жобасы дайындалуда.
Министр Шымкент аграрлық-техникалық колледжіне де барып, студенттердің оқу жағдайымен және материалдық-техникалық базасымен танысты. Бұл колледж өңір экономикасына қажетті жұмысшы мамандарды даярлауда маңызды рөл атқарып отыр.
Сонымен қатар, министр №2 Оқушылар сарайында педагогтермен және оқушылармен кездесті. Оның айтуынша, мемлекет қосымша білім беру саласына жүйелі қолдау көрсетіп келеді. Соңғы үш жылда қосымша білім беру ұйымдарының саны екі есеге артса, биылдың өзінде 400 жаңа ұйым ашылған. Жаңа оқу жылынан бастап Шымкенттегі Президент резиденциясы дарынды балаларға арналған лагерь ретінде жұмыс істей бастайды.
Ұқсас жаңалықтар
"Заң және тәртіп": Елімізде 1,5 млн оқушы бір мезгілде мазмұндама жазды
- авторМағжан Орынбасар
- 20 қараша, 2025






