сенбі, 23 қараша, 2024 3:44

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

COVID-19: Ішек инфекциясына қатысты дақпыртқа сенбеңіз!

COVID-19: Ішек инфекциясына қатысты дақпыртқа сенбеңіз!
ашық дереккөзі
COVID-19: Ішек инфекциясына қатысты дақпыртқа сенбеңіз!

Барша әлем COVID-19 індетінен дүрлігіп, денсаулығына алаңдап отырғанда «болжамды екінші толқыны әсіресе балалар үшін қауіпті екен» деген алыпқашпа сөз желдей есіп, көңілдегі қорқыныш бұлтын тіптен қоюландыра түсті. Дәл қазіргі уақытта балалар арасында КВИ-дан бұрын ішек ауруы өршіп, дертке шалдығушылар күн санап көбейіп барады. Ата-аналардың алаңдаушылығын алға тартып, жағдайдың анық-қанығын мамандардан сұрап көрдік.

Әдетте ішек инфекциясы жаз айларында өршиді. Себебі инфекцияны таратушы – шыбын жәндігі. Сонымен қатар жуылмаған жеміс-жидек, көкөністер, бұзылған тамақ та осы ауруға шалдықтыратыны белгілі. Күннің ыстығында көптеген ас-ауқаттың тез бұзылатыны тағы бар. Міне сондықтан жаз айларында белең алатын іш ауруының қыстың аязды күнінде дендегені бізді де ойландырды. Көкейкесті сауалымызға облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Әлия Шатаевадан жауап алдық.

– Рас жазда «Күз айларында коронавирус балалар арасында жүруі мүмкін» деген болжам жасалған еді. Мұндай дерт Ұлыбритания мемлекетінде, Нью-Йорк секілді ірі қалаларда орын алғандықтан, коронавирус көп тараған аймақтарда балаларда көп жүйелік қабыну болуы мүмкін деп болжанған. Және оның белгілерінің арасында іш ауырып, өтуі, құсуы айтылған. Дегенмен қазіргі уақыттағы балалардың іш ауруы коронавирус індетінің белгілері еместігін анық айта аламыз. Себебі лабораториялық зерттеу нәтижелері бүгінгі уақытта іші ауырып, медициналық көмекке келген балалардың бәрінде де ішек инфекциясы екенін анықтады, – дейді Әлия Өбекқызы.

Облысымыздың бас педиатрының айтуынша, қыркүйек-қазан айларында облыс аумағындағы жұқпалы ауруларды емдеу мекемелерінде 14 жасқа дейінгі 195 бала ішек инфекциясы бойынша ем алған. Ем алушыларда дене қызуының жоғарылауы, іші ауырып, іші өту және жүрек айну, құсу байқалған. Лабораториялық зерттеулер 8 балада сальмонеллез, төртеуінде бактериялық іш ауруы (бактериальная дизентерия), 183-де асқазан-ішектік қабыну екенін анықтапты. Науқастанып, медициналық мекемеге келген балалардың бәрі де коронавирус жұқпасына ПТР сынамасынан өткізілген. Бәрінде де теріс нәтиже көрсеткен.

– COVID-19 дертімен бүкіл әлем болып күресіп жатыр. Әрине біздің ел де дертпен күресті өз деңгейінде жүзеге асыруда. Жалпы коронавирус індетін балалар мен жасөспірімдерден гөрі ересектер жиі жұқтыратыны бұған дейін де айтылған. Балалар COVID-19 індетіне шалдыққан жағдайда да, көбіне симптомсыз түрімен ауырады. Алайда әртүрлі катаральдық, диареялық белгілермен байқалуы мүмкін. Облысымыздағы сырқаттанып, ауруханаға түскен балалардың бәрінен сол мезетте COVID-19 дертіне ПТР сынамасы алынады. Нәтижесі шыққанға дейін науқастар балалар ауруханасының арнайы фильтрінде бақылауда болып, қажетті емін алады. Нәтижесі теріс болған жағдайда арнайы бөлімшеге ауыстырылады. Бүгінгі таңда біздің облысымызда COVID-19 індетін жұқтыру фактілері наурыз айынан осы уақытқа дейін тіркелген жоқ. Ауруды жұқтырып алмас үшін эпидемиологиялық сақтық шараларын аса жауаптылықпен ұстану қажеттігін тағы да ескерткіміз келеді. Ауырып ем іздегеннен ауырмаудың жолын іздегеннің әлдеқайда тиімді екенін еске салудан жалықпаймыз. Әсіресе, үй жағдайында балалар ойыншықтарын қайнаған сумен немесе хлор, медициналық спиртпен тазалап отыру керек. Иммунитетін көтеру мақсатында балаларды дұрыс тамақтандыруға көңіл бөлген ләзім. Балаларға аурудың алдын алу мақсатында арнайы дәрі-дәрмек берудің қажеті жоқ. Тағы бір айтып өтетін маңызды дүние – егер баланың бұрыннан қандай да бір дерті болса, оның да алдын алып, ерекше қорғанған жөн. Себебі вирустың таралуы кезінде бір ауру екінші ауруға теріс ықпал ету қаупі бар, – дейді Әлия Шатаева.

 

Қ.Қарасаева

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар