сенбі, 23 қараша, 2024 4:06

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ұлттық тағамдар ұмыт қалмасын

Ұлттық тағамдар ұмыт қалмасын
ашық дереккөзі
Ұлттық тағамдар ұмыт қалмасын

«Қонақ келсе – құт» деп білген халқымыз үйіне келген мейманына мал сойып, ақ дастарқанынан дәм таттырып, айрықша ілтипат білдірген. Бүгінде атадан балаға жалғасқан салт-дәстүріміздің астарында зор тәлім жатыр.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында халқымызды қазақтың ежелгі «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» қағидасын мықтап ұстануға шақырып, ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай да жаңғырудың болмайтынын баяндайды. Яғни бұл игі істі жүзеге асыру мақсатында қазіргі заман талабы мен мүмкіндіктеріне сәйкес назардан тыс қалған, ұмытылып бара жатқан ұлттық құндылықтарымызды насихаттаумен болашаққа жарқын жол табарымыз анық. Дәстүрлі қазақ асханасы жайлы сөз болғанда, ең бірінші ойға келетіні – ет. Қазақ халқының ұлттық тағамдарының көпшілігі еттен жасалады. Мысалы үлпершек, жаубүйрек, әсіп, сірне, шұжық, шыртылдақ, қарын-бөртпе, қимай, жөргем... Мұндағы әрбір тағамның өз тарихы бар. Айта кетсек тағамдық құндылығы жоғары, дәруменге бай тағам ретінде ертеректе аналарымыз балаларына батыл, ержүрек болсын деп ырымдап, жаужүрек тағамын ұсынған. Жылқының айналдырған жүрек қабына толтырып, аузын тігіп, дәмдеуіштер қосып пісірген май мен туралған еттен тұратын тағам түрі – үлпершек деп аталды. Үлпершекті ата-ана ұзатылған қызына базарлық ретінде жіберген. Осыдан-ақ қазақ халқының қыз балаға деген құрметі мен сүйіспеншілігін аңғаруға болады. Дәл осындай мысал ретінде күйеу бала қонаққа келгенде ұсынылатын тағам түрі – өрметөс. Өрметөс – қой төсінен жасалатын тағам. Оны екіге айырып, екі шетін өру арқылы құс қанатына ұқсас етіп жасайды. Бұл күйеу балаға «қанатың талмасын!» деген тілектестікті білдіреді. Одан өзге өрметөс ерекше түрде дастарқанға сән келтіріп тұрады. Сонымен қатар өрметөсті өру кез келген адамның қолынан келе бермейді. Өз ісінің маманы, қолынан бал тамған, нағыз аспаз адам дайындауы тиіс және дайындауға арналған өзіндік ережелері бар. Қазақ ұлттық асханасының ұмытылып бара жатқан тағам түрлерін дайындау технологиясы аясында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің технология факультеті «Тамақ өнімдері мен қайта өңдеу өндірісі технологиясы және биотехнология» кафедрасының ұйымдастыруымен оқытушыларымыз А.Өмірбекова және А.Саршаева жастарға өз тәжірибелерін көрсетіп, пайдалы кеңестерімен бөлісіп, өрметөс тағамын дайындаудан шеберлік сыныбын өткізді. Ата-бабамыздан қалған адамгершілік құндылығы жоғары ғұрыппен дәстүрімізді ұштастыра отырып, ұмытылып бара жатқан ұлттық тағамдарымызды біліп, үйрену және өмірде қолдану мақсатында оны жастарға үйретудің тәрбиелік маңызы зор.

 

Н.МАРАТҚЫЗЫ, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Тамақ өнімдері мен қайта өңдеу өндірісі технологиясы және биотехнология» кафедрасының оқытушысы

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар