сенбі, 23 қараша, 2024 21:32

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Вакциналау: үміт пен күдік

Вакциналау: үміт пен күдік
ашық дереккөзі
Вакциналау: үміт пен күдік

Бүкіл әлемнің берекетін алған бәлекет індеттің беті қайтар түрі жоқ. Бейдауа дертке қарсы тұрар қуатты «қару» – вакцина ғана. Бүгінде дүние жүзінде Covid-19 індетіне қарсы түрлі вакцина әзірленіп, оның ішінен әбден сыналып, тиімділігін көрсеткендері бар. Соның бірі – Ресейде шығарылған «Спутник V» вакцинасы биыл 1 ақпаннан бас­тап Қазақстанда азаматтарға егіле бастайды. Бұл ретте бұрыннан бері екпеге қатысты екіұдай пікірдегі бұқара арасында коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау қызу талқылануда.

Халық ішінде вакциналауға қатысты түсінбеушіліктің басы оны міндетті, әрі мәжбүрлі дегеннен туындайды. Алайда заң жүзінде Қазақстанда вакциналау ерікті болып саналады. Дәлірек айтсақ, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 77-бабына сәйкес кез келген медициналық ем-шара, оның ішінде вакциналау егілетін адамның тек ақпа­раттандырылған келісімімен ғана жүргізіледі. Елімізде вакцина­лаудан бас тартқаны үшін әкім­шілік немесе қылмыстық жауап­кершілік көзделмеген, кез келген қысым көрсету – заңсыз.

Қазір індет қайта өршіп, қа­уіп-қатері зорайып бара жатқан шақ­та вакциналауды мейлінше тезірек жүргізудің маңызы арт­ты. Өткен аптада Үкімет бас­шысы Денсаулық сақтау ми­нистрлігіне әкімдіктермен бір­лесіп, 1 ақпаннан бастап меди­циналық ұйымдардың халықты жаппай вакциналауды бастауға дайын болуын пысықтауды тапсырды.

Денсаулық сақтау министр­лігінің мәліметі бойынша вак­циналаудың алғашқы кезеңін­де 100 мың адам қамтылмақ. Алдымен КВИ-ға қарсы Ресейде шығарылған Гам-КОВИД-Вак («Спутник V») вакцинасы егіле бастайды. Одан әрі 15 ақпаннан бастап вакциналау процесіне Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген Гам-КОВИД-Вак вакцинасы қосылады. 2021 жылдың 2 тоқсанынан бастап вакциналау процесіне отандық өндіріс – Qaz­Covid-In препаратын қосу жос­парланып отыр. Бұл вакцина қазір клиникалық сынақтардың 3-кезеңінен өтуде.

Вакциналау вакцинаның келіп түсуіне қарай кезең-кезең­мен жүзеге асырылады. Бұл ретте бірінші кезекте коронавирус инфекциясын жұқтыру және тарату тәуекелі жоғары халықтың осал топтары қамтылады. Одан әрі иммундауға жататын халықтың осал топтары қосылады. Жалпы, халықтың осал топтары үшін коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау тегін ұсынылады.

Бірінші кезеңде инфекция­лық аурулар ауруханалары­ның, жедел медициналық көмек, реа­­нимация, МСАК, қабыл­дау бөл­мелерінің медицина қыз­мет­керлеріне және санэпид­­қыз­мет қызметкерлеріне вакцина са­лынады. Екінші кезеңде жалпы білім беретін мектептердің, жоғары оқу орындарының пе­дагогтері, бірінші кезеңге кір­меген медициналық қызмет қыз­меткерлері вакциналаумен қам­тылады. Үшінші кезеңде мек­теп-интернаттардың, мектеп­ке дейінгі мекемелердің педа­гог­теріне, студенттер мен созылма­лы аурулары бар адамдарға вакцина егіледі. Сондай-ақ ха­лық­тың қосымша осал топтары – ТЖМ, ІІМ, Қорғаныс ми­нистрлігі, ҰҚК, Мемлекеттік кү­зет қызметінің қызметкерлерін және басқаларды қоса отырып, контингентті кеңейту жоспарлануда.

Вакцинаға күдікпен қарай­тын жұрт оның жанама әсер­ле­рінен қауіптенетіні белгілі. Бұ­ған қатысты мамандар адам­ның организмі кез келген вакцинаны енгізуде иммунитетті қалыптастыратынын, сондай-ақ иммундаудан кейін дене тем­пературасының қысқа мер­зімді жоғарылауы, вакцина ор­нында қызару мен ісіну сияқ­ты жағымсыз көріністердің пай­да болатынын айтады. Меди­цина қызметкерлері кез келген вакцинаны салмас бұрын адамның аллергиясы бар-жо­ғын анықтайды. Егер ауыр аллер­гиялық ауру болса, адамға вак­цина салу медициналық тұр­ғыдан бас тартылады. Бұл ретте аллергиялық реакцияны болжау мүмкін емес, себебі әрбір адамның организмі әртүрлі. Уақ­тылы ден қою үшін адам вак­цина алғаннан кейін алғашқы 30 минут ішінде (медициналық мекеменің қабырғасында) дәрі­гердің бақылауында болуы керек. Дәл осы аралықта вакцинаға аллергиялық реакция болуы мүм­кін. Одан әрі екпе алған адам 3 күн бойы тіркелген жерлері бо­йынша учаскелік дәрігерлердің бақылауында болады. Бұдан басқа вакцина салдырған әрбір адамның қолына вакцинаның ықтимал кері әсерлері көрсетіл­ген және мұндай әсерлер орын алған жағдайда хабарласа алатын емханалардың телефон нөмірлері бар арнайы жадынама беріледі.

Бір айта кететін жайт, «Спут­ник V» вакцинасын 18 жасқа дейінгі балаларға қолдануға болмайды. Екпені тек 60 жасқа дейін кәмелетке толған азаматтар ғана ала алады.

Коронавирусқа қарсы вакцинаны 21 күндік аралықпен екі кезеңмен енгізіледі. Бірінші доза антиденелердің аз мөлшерін өндіруге байланысты қысқа қор­ғаныс әсерін береді. Екінші доза бі­ріншісінің әсерін күшей­теді және нығайтады, адам орга­низ­мін­дегі антиденелер саны артады.

Жалпы, аталған вакцина Ре­сейде мемлекеттік тіркеуден өтті және бірнеше ай бойы халық­тың осал топтарын иммундау үшін қолданылып келеді. Ре­сей­дің Тікелей инвестициялар қоры­ның мәліметтері бойынша бұл вакцинаны сатып алуға 50-ге жуық мемлекет өтініш берген, ал кейбір елдер (Беларусь, Аргентина, Сербия) қазірдің өзінде оны сәтті қолдануда.

Бүгінде Денсаулық сақтау ми­нистрлігі Ресейден басқа да ко­ронавирус инфекциясына қар­сы вакцина өндіруші бірқатар мем­лекетпен келіссөздер жүргі­зуде. Оның ішінде Қытай («Sino­vac», «Sinopharm» вакцинасы) және АҚШ («Phizer» вакцинасы) елдері бар.

Сондай-ақ вакциналауды ха­лықты жаппай чиптеумен бай­ланыстырудың ақылға қо­ным­­сыз қате ақпар екенін айта кет­­кен жөн. Вакцина салынбай тұрып, әрбір адам вакцина құ­рамы туралы ақпарат беретін нұс­қаулықпен танысуға құқылы.

egemen.kz

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар