бейсенбі, 30 қаңтар, 2025 22:26

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбылда былтыр жатыр мойны қатерлі ісігі диагнозымен диспансерлік есепке 663 әйел алынған

Жамбылда былтыр жатыр мойны қатерлі ісігі диагнозымен диспансерлік есепке 663 әйел алынған
Ашық дереккөз
Аймақта жатыр мойны қатерлі ісігі дерітімен күрес тұрақты жүріп келеді

2025 жылдың қаңтар айында Жамбыл облысында онкологиялық ауруларға қарсы күрестің кешенді жоспары аясында «Жатыр мойны қатерлі ісігі туралы ақпараттандыру айлығы» өтіп жатыр. Бұл шара облыс тұрғындарын қатерлі ісік аурулары туралы ақпараттандыру мен алдын алу жұмыстарын күшейту мақсатында ұйымдастырылған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.    
Дәрігерлердің айтуынша, жатыр мойнының қатерлі ісігі (ЖМҚІ) – әйелдер арасында ең кең тараған және жиі кездесетін онкологиялық аурулардың бірі. Әдетте, бұл ауру 40-60 жас аралығындағы әйелдерде жиі кездеседі, бірақ соңғы жылдары аурудың жасарып бара жатқаны алаңдаушылық тудырады. 
Жамбыл облысында 2024 жылдың қорытындысы бойынша ЖМҚІ диагнозымен диспансерлік есепте 663 әйел тіркелген, оның 95-і алғаш рет есепке алынған. Бұл көрсеткіш 100 000 әйелге шаққанда 4,1 болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 4,3 болған. Аурудың кезеңдеріне байланысты, І – 47,5%, ІІ – 43,1%, ІІІ – 6,3%, IV саты – 3,1%.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, 2022 жылы әлемде 660 000 әйелге жатыр мойны обыры диагнозы қойылған және шамамен 350 000 әйел осы аурудан қайтыс болған. Ал Қазақстан осы ауруды жұқтыру дерегі бойынша 5-ші орында. Мамандардың сөзінше елімізде жылына шамамен 2 мыңнан астам әйелге осы диагноз қойылса, 300-ге жуығы қатерлі ісіктен көз жұмады. Дегенмен, дәрігерлер дерттің алдын алуға болатынын айтады.
Жатыр мойны обыры — әлемдегі әйелдер арасында төртінші орында тұрған ең көп таралған гинекологиялық қатерлі ісік. Әйелдің өмір бойы жатыр мойны обырына шалдығу ықтималдығы 1-ден 149-ға дейін. Алайда, жатыр мойны обырының көпшілігі ерте диагноз қойылып, емдеуге болады. Мысалы, 1-ші сатыдағы жатыр мойны обырын емдеудің тиімділігі 80%-дан 90%-ға дейін жетеді, бұл аурудың ерте анықталуының қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
Жатыр мойны обырының жиілігі 1950 жылдардан бастап айтарлықтай төмендеді. Бұл төмендеудің негізгі факторы — Пап сынағы (немесе Пап жағындысы). Пап сынағы жатыр мойнындағы жасушалық өзгерістерді анықтап, қатерлі ісікке дейінгі жағдайларды ерте кезеңде тауып, емдеуге мүмкіндік береді.
Жатыр мойнының қатерлі ісігін ерте анықтау – сәтті емделудің басты жолы болып табылады. Қатерлі ісік ауруын ерте кезеңдерде анықтау оның асқынуына жол бермей, емдеудің тиімділігін арттырады. Скринингтік тексерулер, соның ішінде цитология, қатерлі ісікті бастапқы кезеңдерде анықтауға мүмкіндік береді. Бұл тексеру түрі ауруды ерте кезеңде анықтап, оның әрі қарай дамуына жол бермейді. Осылайша, әйелдердің өмірін сақтап қалу мүмкіндігі артады.
Жамбыл облысында 2024 жылы 47 541 әйел скринингтен өтіп, олардың 4,8%-ында обыр алды өзгерістер анықталды. Сонымен қатар, 26 қатерлі ісік жағдайы тіркелді. Бұл көрсеткіштер ерте анықтау мен алдын алу шараларының маңыздылығын тағы да дәлелдейді. Әйелдердің тұрақты скринингтен өтуі қажет, себебі бұл олардың денсаулығын сақтау үшін маңызды қадам болып табылады.
Жатыр мойнының қатерлі ісігін алдын алу үшін бірнеше шаралар қабылдануы керек. Осы шаралардың әрқайсысы қатерлі ісіктің алдын алу және оның ерте кезеңде анықталуына көмектеседі: салауатты өмір салтын ұстану, жыныстық қатынастардың гигиенасы туралы ақпараттандыру, тұрақты скринингтен өту, және АПВ-ға қарсы вакцинациялау. АПВ-ға қарсы вакцинация, әсіресе қыздарды 11 жастан бастап жүргізу жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алудың ең тиімді әдісі болып табылады.
Адам папилломавирусы (АПВ) жатыр мойны обырының шамамен 70%-ын тудырады. Жатыр мойны обырының алдын алу HPV-ге қарсы вакцинация арқылы жүзеге асырылады. 9 мен 26 жас аралығындағы қыздарға вирустың штаммдарынан қорғану үшін HPV вакцинасын алу ұсынылады. Вакцинация, сондай-ақ, вирустың ықпалынан туындаған қатерлі ісік ауруларын болдырмауға көмектеседі.
2025 жылдың 18 қаңтарында Жамбыл облыстық көп бейінді онкология және хирургия орталығында «Ашық есік күні» өтті. Бұл шара аясында 37 әйел медициналық көмек алды. Олардың 11-і ультрадыбыстық зерттеуден өтіп, 6 әйел жатыр мойнының ауруларын ерте анықтау мақсатында цитологиялық тексеруден өтті. Барлық қызметтер тегін негізде көрсетілді және әйелдерге өз денсаулығын тексерту үшін ыңғайлы мүмкіндік берілді.
Бұл шара өңір тұрғындарына медициналық көмек көрсетуге және оларды қатерлі ісік ауруларынан қорғауға бағытталған. Әйелдерге медициналық қызметтерді қолжетімді ету, оларды аурулардың алдын алу мен ерте анықтау мәселелері бойынша ақпараттандыру – бұл іс-шараның басты мақсаттарының бірі болды.
Ақ халатты абзал жандар, жатыр мойны қатерлі ісігін ерте анықтау мен алдын алу – әйелдердің денсаулығын сақтаудың негізгі жолы екенін айтады.
Дәрігернлердің айтуынша, скринингтік тексерулер мен профилактикалық шаралар қатерлі ісіктің алдын алу мен емдеудің ең тиімді әдістері болып саналды. 
«Сондықтан әрбір әйел өз денсаулығына мұқият қарап, уақытылы медициналық тексерулерден өтуі тиіс. Денсаулықты сақтау – біздің қолымызда»,- деді дәрігерлер.

 

Бақытжан Бекболат

 

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар