Жамбылдық дәрігерлер көзінен ауыр жарақат алған азаматтың жанарын сақтап қалды
- авторБақытжан Бекболат
- 10 маусым, 2025
- 176
Жамбыл облыстық офтальмологиялық орталығының дәрігерлері ауыр көз жарақатын алған азаматқа сәтті ота жасап, оның көру қабілетін сақтап қалды, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
1984 жылы туған Ахан Бұрыбаев үй шаруасымен айналысып жүрген кезде көзінен қатты жарақат алған. Науқас облыстық офтальмологиялық орталықтың жарақат пунктіне жеткізіліп, оған «қабақтың жарылуы, жарақаттық катаракта, гифема, гемофтальм және тор қабықтың ажырауы» диагнозы қойылған.
Орталықтың күндізгі бөлім меңгерушісі Мейірхан Сейдиновтің айтуынша, науқас шұғыл түрде тәуліктік бөлімге жатқызылып, жаңа CONSTELLATION Vision System құрылғысының көмегімен күрделі ота жасалған.
Пациенттің көзіне енген бөгде зат алынып, көз түбіндегі қан тазартып, ажыраған тор қабық қалпына келтірілді. Сонымен қатар, жарақат салдарынан пайда болған катаракта алынып, оның орнына жасанды көз бұршағы қойылды. Науқас ауруханаға түскен кезде тек жарықты сезу қабілеті ғана сақталған болса, емделіп шыққанда көру қабілеті 5 пайызға жетті. Бұл – дер кезінде көрсетілген көмектің және заманауи технологияның арқасында мүмкін болды. Ота Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында тегін жасалды, – дейді дәрігер.
Айта кетейік, биыл наурыз айында орталыққа заманауи CONSTELLATION Vision System аппараты сатып алынған. Содан бері өңір тұрғындарына жоғары технологиялық күрделі оталар жергілікті деңгейде қолжетімді болып отыр.
Көзіне ота жасалған Ахан Бұрыбаев дәрігерлерге алғысын білдірді:
Орталыққа келгенде көзім мүлде көрмей, қатты қиналып едім. Шүкір, дәрігерлердің біліктілігінің арқасында қайтадан жарық дүниені көруге мүмкіндік алдым. Барлық ем-шаралар МӘМС есебінен жүргізілді. Ақ халатты абзал жандарға алғысым шексіз, – деді ол.
Таразда терроризмге қарсы оқу-жаттығулар өткізілуде
Ұқсас жаңалықтар
Таразда шала туған нәрестенің көзіне жасалған ота сәтті өтті
- авторБақытжан Бекболат
- 17 маусым, 2025