Ақмолада қайтарылған активтер есебінен екі медициналық мекеме ашылды
- авторБақытжан Бекболат
- 11 маусым, 2025
- 186

Ашылған нысандардың бірі – Аршалы ауданына қарасты Арнасай ауылындағы дәрігерлік амбулатория, екіншісі – Бұланды ауданының Алтынды ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл құрылысқа арнайы мемлекеттік қордан шамамен 295 миллион теңге бөлінген.
Арнасай ауылындағы амбулатория жақын маңдағы Елток, Қойгелді ауылдары мен Бабатай станциясы және №42 разъезінің тұрғындарын қоса алғанда, 2 мыңнан астам адамға қызмет көрсетеді. Жалпы ауданы 450 шаршы метр болатын ғимарат бір ауысымда 45 адамды қабылдауға бейімделген. Заманауи медициналық құрылғылармен – ЭКГ аппараты, дефибриллятор, физиотерапия және оңалту жабдықтарымен толық жабдықталған. Бұл ауыл тұрғындарына бастапқы медициналық көмекті қолжетімді әрі сапалы алуға мүмкіндік береді.
Алтынды ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт Алтынды, Алакөл, Жаңаталап, Елтай және Боярка ауылдарының 1 мыңға жуық тұрғынына қызмет көрсетеді. Бұл мекеме де заманауи құралдармен жабдықталып, жедел әрі сапалы медициналық қызмет көрсетуге жағдай жасалған.
Қазіргі таңда Ақмола облысында тағы үш дәрігерлік амбулатория, төрт фельдшерлік-акушерлік пункт және бір медициналық бекет салынуда. Жалпы өңірде 10 денсаулық сақтау нысанын тұрғызуға арнайы мемлекеттік қордан 1,7 миллиард теңге бөлінген.