Алматы облысында Орталық Азиядағы алғашқы футбол академиясы салынуда
- авторБақытжан Бекболат
- 8 маусым, 2025
- 132

Алматы облысында халықаралық деңгейдегі футбол академиясының құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жұмыс сапары барысында Талғар ауданындағы Atlético de Madrid Kazakhstan футбол академиясының құрылыс барысымен танысты.
Бұл академия — Еуропаның жетекші футбол клубтарының бірі қатысып отырған, Орталық Азияда қолға алынған алғашқы жоба. Жоба аясында балалар мен кәсіби командаларға арналған оқу-жаттығу базасы кезең-кезеңімен салынатын болады.
Бірінші кезең – балалар академиясын ашу. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың мамырында басталып, 2026 жылдың соңында аяқталады деп жоспарланған. Қазіргі таңда қонақүй ғимараты күрделі жөндеуден өтіп жатыр, футбол алаңының бірі қайта жаңғыртылуда. Ал алғашқы нысан 30 маусымда пайдалануға берілмек.
Жоба аясында әкімшілік-тұрмыстық кешен, жабық жаттығу залы, жасанды жабын төселген ашық алаңдар мен қақпашыларға арналған жеке аймақ салу көзделіп отыр. Сонымен қатар бұрынғы спорт нысаны бақылау-өткізу бекеті, күту залы және шағын дәмхана ретінде қайта жабдықталады.
Келесі кезеңде кәсіби командаларға арналған инфрақұрылым – табиғи шөп төселетін алаңдар салынады. Ал соңғы кезеңде 10 мың адамға арналған стадион бой көтереді.