Алматыда жер сілкінісі туралы жедел хабарлама жіберетін жүйені енгізуге 475 млн теңге бөлінді
- авторjambylinfo.kz
- 5 наурыз, 2024
- 709
Алматы әкімдігі «Mass Alert» қағидаты бойынша халықты төтенше жағдайлар туралы жедел құлақтандыру жүйесін енгізеді. Бұл туралы қала басшысы Ерболат Досаев мәлімдеді, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Оның айтуынша, қазір әкімдік цифрлық даму және төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, пилоттық режимде қала тұрғындарын төтенше жағдайлар туралы жедел хабардар ету жүйесін енгізбек.
«Осы жылдың мамыр айының соңына дейін 475 млн теңге бөлінген, Cell Broadcast технологиясын пайдалана отырып, «Mass Alert» қағидаты бойынша халықты жедел құлақтандыру жүйесін енгізу жоспарланып отыр», деді Досаев үкімет отырысында.
Дәстүрлі SMS-тен айырмашылығы Cell Вroadcast технологиясы желіге қосымша жүктеме түсірмейді және базалық станциялардың антенналарын қамту аймағында орналасқан барлық абонент үшін жедел және жаппай таратуды, хабарлау уақыты мен жиілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, деп атап өтті қала әкімі.
Алматыда кеше бес балдық жер сілкінісі болды. Салдарынан ғимараттарға зақым келіп, бір адам зардап шекті. Үш мыңға жуық адам қабылдау пунктеріне жайғастырылды. 242 тұрғын осы түнді қабылдау пунктерінде өткізген.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз